Нұр-Сұлтан
Қазір
17
Ертең
9
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Бауыржан Байбек мұғалімдерге жыртық шалбар туралы мысал айтты

Алматыда өткен тамыз кеңесінде ұстаздар қауымы екі сағат тапжылмай отырып, ұялы телефонға да үңілмей, қала басшысын ұйып тыңдады. Бауыржан Байбек те жиналғандардың ішін пыстырмас үшін баяндамасын жан-жақты етіп дайындап келген екен. Ол қымбат көлік мінген кей дөкейлердің әрекетіне қарны ашатынын айтты.

«Мен кейде жұмыстан кеш шыққанда көліктердің қалай болса солай тұрғанын көрем. Біреу үлкен джипін жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа қойып кетіпті. Бірден полицияға телефон шалдым. Кейін белгілі болғанындай, көліктің иесі мұнай компаниясында жұмыс істейді екен. Ал оның нөмірі тіркеуде жоқ, жалған нөмір», – дейді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек қалада жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды білім саласымен байланыстырып отырып жеткізуге тырысты. Жөнделіп жатқан жолдар мен шаһардағы жетпіс шақырымға жуық қоршауды алдырып тастағанын да айтты. Салық мәселесіне кеңінен тоқталды. Әкімді адамдардың гүл сатып алғанда түбіртек сұрамайтыныда  алаңдатады екен. Ол түбіртек сұрамай, сауда жасаған адамға сатушы жыртық шалбар беріп жіберсе ол оны қайта өткізе алмайды деп мысал келтірді. Үш тілділік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

«Мысалы, жақсы мейрамханада даяшы 3 тілде еркін сөйлеуі керек. Қазақ тілінде және орыс тілінде тапсырыс алу үшін. Және шетелдіктерге қызмет көрсету үшін. Біз универсиада кезінде полицейлерді ағылшынша сөйлеттік. Ағылшын тілі деген мәдениеттің, өркениеттің тілі», – дейді Байбек.

Тамыз кеңесін өзінің өткір мысалдарымен қыздырған әкім жаңа оқу жылында Алматы оқушыларын қандай жаңалықтар күтіп тұрғанын айтуды ды ұмытпады. Мысалы, биыл 1,2 және 5,7-сыныптар жаңа бағдарламамен оқытылса, қалада 33 мектептің 8-сыныптары енді жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде өтеді екен. Ол үшін ұстаздар жаз бойы арнайы дайындықтан өткен Бірақ физика, химиядан әзірге ағылшынша  кітап жоқ.

Айтылған әдемі сөз бен іс кейде осылай бір-бірін таппай жатады. Алматыдағы тамыз кеңесінде бәрі әдемі айтылды. Мысалы, электрондық күнделік, мектептердің жер сілкінісіне төтеп беру үшін қайта жабдықталып жатқаны сөз болды. Ал жиын соңында әдеттегідей үздік ұстаздар мен ардагер мұғалімдер марапатталды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз