Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Батыр қыз – Зүлфия Ғабидуллина “Қазақстанның 100 жаңа есімі” тізіміне ұсынылды

453

Жамбыл облысынан осы жобаға 12 адам еніп отыр. «100 жаңа есім» жобасына аймақтан қатысып жатқан ерекше жандардың бірі – Зульфия Ғабидуллина.

Ол – Қазақстанға Жазғы паралимпиада ойындарынан тұңғыш рет алтын алып берген спортшы. Ол әлемнің 12 мәрте рекордсмені әрі ғаламшардың ең мықты 8 жүзгіштерінің бірі екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді.

Әулиеаталық тұрғын мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, еліміздің атын дүние жүзіне танытып жүрген жігерлі тұлға. Ол өзінің жоба қатысушысы екендігін әлеуметтік желі арқылы білген.

Зульфия Ғабидуллина, Паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

– «100 жаңа есімге» кіретін адам бірінші кезекте елге, туған жерге сіңірген еңбегімен ерекшеленуі керек деп ойлаймын. Өте жақсы әрі ерекше жоба. Кейде сайтта жарияланған ақпараттарды оқып отырып, «Арамызда осындай азаматтар бар екен-ау» деген ойда қаласың. Мені біздің дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ұсынған екен. Менен де лайықты азаматтар көп деп санаймын. Дегенмен өзгелерден бөліп жармай, байқауға қатыстырып жатқанына қуаныштымын.

Әлемдегі ең мықты суға жүзгіштің тағдыры да өсіп келе жатқан ұрпаққа өнегелі үлгі бола алады. Ол 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Өкінішке қарай, кішкентай кезінде жан түршігерлік жол апатына түскен.

Кішкентай кезімнен күшім тасып, бір орнымда тыныш отыра алмаушы едім деген Зүлфия өзінің жол апатынан аман қалуына Құдайдың берген осы ерекше күші мен мықты рухы алып шыққанын айтады. Ол бес жаста болғанда анасы бауыры екеуін жетектеп жолдың арғы бетіне өте бергенде мотоциклші қағып кеткен. Бағдаршам жасыл жанып тұрған, мотоцикль рөліндегі жігіт мас болыпты.

«Жол апаты есімде қала қойған жоқ, бәрін ата-анам айтып берген. Мені жетектеген, қолында емшектегі сәбиі бар анам үшеуімізді мас мотоциклші қағады. Анамның шошығаны сондай, қолындағы баланы біреуге бере салып, маған қарай жүгірген екен. Мен мотоциклдің астында қалып қойыппын, өйткені, көйлегім көлікке ілініп қалған. Мені сүйреп кеткен мотоцикл ағашқа барып соғылыпты. Омыртқам түгел сынды, аяқ-қолым гипстеліп, тіпті, тілімде де кемістік пайда болған…»,-дейді сол қорқынышты апатты еске алған спортшы.

Дегенмен, жігері мықты Зүлфия сол сәттен бастап спортқа құмарта бастаған.

 

«Сіздің алдыңызда ешкім міндетті емес. Мысалы, менің басымнан өткен оқиға үшін де маған біреу көмектесуге міндетті емес. Арбаға таңылғаның үшін өзгелердің мазасын алып, бұл өмірге өкпелеуге болмайды. Тек алға бастап, мақсат қоя білу керек», – дейді Зүлфия.

Жалпы, Зүлфия спортқа 1990-шы жылы бет бұрған. Ал суға жүзумен кәсіби тұрғыда 2007 жылдан бастап айналыса бастапты. Әрине, „Қазақстанның 100 жаңа есімі„ жобасынан рухы мықты, қолына алған істің үздігі, кіл мықтылар орын алады. Ендеше өмірдегі күресте де, жарыстардағы күресте де әрдайым жеңімпаз боп келе жатқан Зүлфия да оған әбден лайық.

Жалпы, Жамбыл облысынан жобаға қатысуға 257 адам өтініш білдірген. Оның 12-сі іріктеуден өтіп, қазір дауыс беру кезеңіне қатысып жатыр. Олардың арасында медицина, мәдениет, спорт сияқты түрлі сала өкілдері, қоғам белсенділері мен қарапайым шаруалар да бар.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз