Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Баталловқа дейін бардық”. Облыс басшысының бұйрығын аудан әкімі пысқырмады

Жүнісбай Қайыпов атындағы орта мектептің сауда-саттық орталығына айналғанына екі жылға жуықтаған. Дәл кіре берістегі мына дүңгіршекте кеңсе тауралары мен басқа да тұрмысқа қажетті заттар сатылады. Алайда Зәмзәгүл Мамырбаева ол үшін мектепке көк тиын да төлемейді дейді директор.

Керісінше кәсіпкер электр жарығы, су, күзетші секілді қызметтерді тегін пайдаланады екен.

Ұстаздардың қытығына тиген де осы жағдай болып тұр. Яғни кәсіпкер соңғы уақытта сауданы қойып, мектептің ішкі ісіне араласа бастады дейді мұғалімдер.

Ербол Мүптеке, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

– Сабаққа есікті теуіп кіру деген сұмдық қой. Ешкімнің қақы жоқ оған.

Мектепке мүлдем қатысы жоқ кәсіпкерден көресіні көрдік деген ұстаздар дүкенді жабуды талап етіп, сотқа да шағымданған екен. Тіпті осы мәселені айтып, облыс әкіміне дейін барған.

Бибігүл Сейсебаева, мектеп директорының орынбасары:

– Облыс әкімі бұл сауда–саттық жасайтын жер емес деп аудан әкіміне тапсырма берді. Үш күнде шара қолданып, мектептен шығарасыз деген деді.

Бірақ аудан басшылары бұл тапсырманы орындаудың орнына ұстаздардың басына әңгіртаяқ ойнатқан.

Шарафат Орынбаева, мектеп директоры:

– Батталовқа дейін бардық. Кейін мені әкім орынбасары Бибаев Айдос шақыртып, ұжымыңызға ие болыңыз, тыныш отырсын деді. Егер қолыңыздан келмесе, орныңызды босатып өтінішпен шығып кетіңіз деді.

Ал директор атын атаған шенеуніктерді жұмыс орнынан таба алмадық. Түрлі сылтау айтып, жан-жаққа кеткен. Дауға себепкер болған кәсіпкермен де көзбе-көз мүмкін болмады. Тілшілер келетінін естіген ол дүкенді жауып кетіпті. Телефон арқылы тілдескенде, тіпті дүрсе қоя берді.

– Ашсам маған рұқсат берген. Қолымда келісім бар. Оны әкімнен барып сұраңыз. Мен ұрланып кіріп алған жоқпын ол жаққа. Мен саған кішкентай баламын ба, ойыншықпын ба?..

Бизнесін білім ошағында дөңгелеткен кәсіпкердің әрекетінен бүкіл аудан басшылары хабардар екен. Бірақ оны жауып тастауға әзірге ешқайсысы дәрменсіз. Тіпті облыс әкімі мектептегі сауда-саттықты тоқтату туралы аудан басшыларына тапсырма берген. Оның өзі әзірге орындалмай отыр. Сондықтан қырық адам бір жақ қыңыр адам бір жақ болып қырық пышақ болған мектептегі алауыздыққа енді кімнің нүкте қояры белгісіз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз