Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Бас прокурор: Жас баланы қорлайтындар көбінесе өзінің танысы, жақын-жамағайы боп келеді

Аузынан ана сүті кеппеген баланы зорлау – нағыз азғындық. Мұндай қылмыс жасағандарды мемлекет аяусыз жазалайды – 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру. Олардың жазасы жеңілдетілмейді. Сотталғандар уақытынан бұрын босатылмайды, амнистияға жатпайды, олармен ешқандай процестік келісім жасалмайды. Жаза мерзімін толық өтейді.

Мұндай қылмыскерлер балалармен жұмыс жасау құқығынан өмір бойына айырылады.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап химиялық кастрация қолданылмақ. Бұл дегеніміз қылмыскерлерді арнайы дәрі-дәрмектерді қабылдауға мәжбүрлейді.
Құқықтық статистика комитетінің infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдардың картасы іске қосылды. Онда олардың фотосуреті мен анкетасы бар. Бұл сервисті кез-келген адам еркін пайдалана алады.
Көп жағдайда қылмыскерлердің арам ниетін жүзеге асыруға негізгі себеп – ересектердің мұқиятсыздығы.
Санасы толық бекімеген, әр нәрсеге сенгіш, көнгіш жас бала сырттан келер қауіпті қайдан білсін? Сондықтан қараусыз қалған бүлдіршін – қылмыскерге оңай олжа.
Балаларымыздың дені сау, өмірі қауіпсіз болсын десек, біріншіден, әрбір ата-ана сақ болуы қажет. Үйде, аулада, мектепте, демалыс орындарында, жалпы қай жерде болмасын баланы үнемі бақылауда ұстаңыз.

Екіншіден, жеткіншектер қорлықты көбінесе танысы, тіпті жақыны, әкесі, ағасы сияқты адамдардан көреді. Балаға тиісу, алдау, күштеу әрекетін көрсеңіз, дереу 102-ге хабарласып, шара қолданыңыз.

Үшіншіден, кейде болған істі айтпаймыз, жасырамыз, ұят болады дейміз. Бұл дұрыс емес. Онымен қылмыстың жасырын, созылмалы түрге айналуына көмектесеміз. Сондықтан балаңыздың намысы аяққа тапталса, үнсіз қалмаңыз. Бірден құқық қорғау органына хабарлаңыз.

Төртіншіден, баланың араласып жүрген ортасы қандай, қай жерлерге жиі барады, интернетте кіммен дос, қандай сайттарда отыратынын байқап жүріңіз. Баламен жиі, ашық әңгімелесу – оны азғындардан қорғаудың ең тиімді амалы.

Бесіншіден, қауіпті жағдайда не істеу керектігін балаға түсіндіріп үйреткен жөн. Ондай ақпаратты интернеттен және жақын арада іске қосылатын «Прокурордың 100 кеңесі» деген мобильдік қосымшадан алуға болады.

Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тек мемлекеттің шаралары жеткіліксіз. Оған әрқайсысымыз жеке және бүкіл қоғам болып қарсы тұрайық.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз