Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Бас прокуратура еліміздің авиация саласындағы былықты әшкереледі

Ал, бұл ретте мәселе шаш-етектен. Алғашқысы – кәсіби пилоттың жетіспеуі. Оның үстіне еліміздегі ұшқыштардың тең жартысының әуе кемесін тізгіндеуге рұқсаты жоқ екен.

«Пилоттардың кәсібилігіне қатысты туындайтын сұрақ көп. Өйткені, әуе апатының 15 пайызы осы ұшқыш тәжірибесінің жетіспеушілігінен болады.

Біз еліміздегі екі мыңнан астам пилоттың тек 1300-інің ғана ұшуға құқы барын анықтадық. Сәйкесінше жартысы заңсыз ұшып жүр»,-дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин.

Апаттың жиілеуіне кәсіби ұшқыштың тапшылығы ғана емес, әуе кемелерінің әбден ескіруі де себеп. Әсіресе, АН-2 секілді шағын ұшақтардың басым бөлігі 30 жылдан асқан. Бір қызығы осы ескірген әуе көліктерінің техникалық жағдайы туралы комитеттегілер де, прокурорлар да білмейді екен.

«Шамамен 300-ге жуық ұшақтың техникалық жағдайы туралы белгісіз. Өйткені, олар сертификатциядан өтпеген.

Жазда осындай ұшақтың бірі Алматыда құлаған болатын.Сондықтан апат қайталанбас үшін бұларға көкке көтерілуге тыйым салу керек»,-дейді Бас көлік прокуратурасының басқарма басшысы Алмас Аманов.

Ал, қазір Қазақстан  әуе қауіпсіздігі жағынан ТМД елдері арасында көш соңында тұр. Бұған себеп те жоқ емес. Небары он айдың ішінде 9 апат болып, 11 адамның көз жұмғаны белгілі.

Қаза тапқандардың бірі Азаматтық авиация академиясының курсанты. Тамыз айында оқу жаттығу үшін көкке көтерілген ұшақ құлап жас жігіт инструкторымен бірге қаза тапқан болатын. Бүгін марқұмның ұшқыш атасы немересінің өліміне комитетті кінәлады.

«Курсант қосымша қону аймағы жоқ таудағы аэродромда ұшты. Ол жерде медициналық көмек беру тұрмақ, ұшу басшысы болмаған. Соның салдарынан немеремнен айырылдым, түсінесіздер ме немеремнен. Бұған енді кім жауап береді?»,-деп ашынды ардагер ұшқыш Әбіш Мәкішев.

Ал, комитет болса, тергеу әлі жүріп жатыр дегеннен басқа ештеңе айтпады. Бір айта кетерлігі академиядағы осы қайғылы жағдайдан соң, оқу орыны тағы бірнеше ұшақ апатын жасырғаны анықталған.

Бірақ ол кезде адам шығын болмапты. Енді мұндай апаттардың алдын алу үшін  ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бақылаушы орган құрылуы мүмкін.

Өйткені  ұшақтың аман-есен жерге қонуы тек пилотқа ғана байланысты емес. Жерде әуе кемесіне бағыт-бағдар беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндердің жауапкершілігі көп. Бірақ аспан мен жердегілердің арасында тығыз байланыс жоқ.

Сондықтан қадағалаушы ұйым құрып, қауіпсіздік деңгейін барынша көтермесе болмайтын түрі бар. Енді қауіпсіздікті көтеру үшін жақында жұмыс тобы құрылмақшы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз