Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

“Барыс” пен “Арлан”. Елордадағы әскери техника зауыттары қандай өнім өндіруде?

370

Зауыт қандай әскери техника шығарумен айналысады?

Бұл өндіріс орны бүгіндері электронды-оптикалық құрылғылар шығаратын компания ретінде жоғары сұранысқа ие.

Атап айтар болсақ, зауыт қазіргі таңда:

 көздеуіштер,

монокулярлар,

түнде көру бинокулярлары;

жылубейне көздеуіштері;

барлау және радиобайланыс құралдары;

жер бетіндегі нысаналарға жарық түсіруге арналған ықшам лазерлі кешендері;

қашықтықтан басқарылатын әскери модульдері;

инфрақызыл линзалар және электронды платаларын

өндіріп жатыр.

Кез-келген техниканың қажетке жарағаны, қолданысқа енгені маңызды ғой. Бүгінгі таңда осынау әскери құрал-жабдықтарды  Қазақстанның әскерилері пайдаланып жүр.

Әсіресе, шекара маңындағы тәртіп мен тынышықты күзететін сарбаздар үшін түнде көру құралдары өте қажет. Қазіргі кезде зауыттағы жүйелік өнімдер жауынгерлік парад аясындағы көрмеге жіберілген. Бес жылдың ішінде өндіріс өнімдерінің сапалық қасиеттерін жоғары деңгейде дәлелдей алды.

Соның нәтижесінде зауыттың экспортқа шығатын мүмкіндігі туды.

Айталық, былтырғы жылы Түркияға жылубейнелік дүрбілер экспортталған екен, бұдан бөлек Өзбекстанға түнде көру құрылғылары да сатылған.

Зауыттағы өндіріс инженері Әйгерім Сәрсенбаеваның айтуынша, «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» -те жұмыс істейтін қызметкерлердің көпшілігі Елбасы бастамасымен қолған алынған «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған білікті мамандар екен.

Әйгерімнің өзі де зауыт жұмысына аса қажетті мамандық бойынша Англияда оқып келгенін айта кетелік.

– Жалпы алғанда қазіргі таңда бұл арада 100-ден астам маман еңбек етіп жатыр. Бірақ зауыттағы процестердің көпшілігі автоматтандырылғанын айта кетуім керек. Оның үстіне осынау құрылғыларды шет елдерден сатып алу бағасы өте қымбатқа түсетіні белгілі. Біздің зауыттың бір артықшылығы өндіріс орнында өндірілген құрылғыларды біздің әскерилер үшін өзіміз жөндеп береміз. Сәйкесінше, бұл қызметтеріміз Қазақстанның қорғаныс саласына тиімді, – дейді ол.

Зауыттың жұмыс жүйесі де бірқалыпты жолға қойылған. Өндірілген әрбір әскери өнім мұқият тексеруден өткізіледі.

Нақтылап айтар болсақ, зауыт мамандары әзірленген әскери өнімдерді  тербеліске, ыстық пен суыққа төзімділігі, су астында ылғал өткізбеу қасиеттеріне қарай егжей-тегжейлі тексереді. Ыстыққа төзімділік сынағы кезінде құрылғы 9 сағат бойы  тестілеумен қамтылады.

Осындағы оптика бөлімінің инженері Базыл Қамзабековтың айтуынша, зауыт оптика өндірісіне қажетті шикізатты сатып алып, одан өздері линза өндіріп, оны екі жағынан қаптайды екен. Мұндай жағдайда линзаның бағасы да артады.

– Айталық, бір линзаның орташа бағасы шамамен 250 доллар айналасында болса, кейін бұл өнімдерді біржолата өңдеп шығарғаннан кейін, оның бағасы 1300 долларға дейін жетеді, – дейді ол.

Алайда іс жүзінде кез-келген адам әскери салаға қажетті өнімдері емін-еркін сатып ала алмайды.

Зауыт мамандарының айтуынша, бұл аса құпия ақпарат. Бір линзаны жасауға шамамен 14 сағат уақыт керек екен.

Қазіргі кезде зауыттағы дайын өнімдерге Ресейден, Қытайдан және Түркиядан ұсыныстар түсіп жатыр.

Броньды техника шығаратын кәсіпорын

Иә, бізде мұндай да зауыт бар. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС -ы Қазақстанды қойып, күллі  Орта Азиядағы көлемінде заманауи броньды дөңгелекті машина шығаратын ең ірі өндіріс орны.

Кәсіпорын жұмысы мен инновация саласы тығыз байланысқан. Зауыт мамандары жаңа технологиялардың мүмкіндігін бір кісідей меңгергенін айта кетелік.

Бүгінгі таңда өндіріс орны күші жойқын минаға қарсы MRAP деп аталатын үлгідегі броньды машиналар шығаруға мүмкіндік беретін инновациялық технологияларға ие.

Зауыттың аумағы барлығы 13 мың шаршы метрді алып жатыр.

Кәсіпорынның жоғары технологиялы қондырғылары жұмыстың толық циклін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Зауыт басшылығының айтуынша, кәсіпорынның қуаты –  жылына 120 машина өндіруге жетеді.

Және ең бастысы зауыт өз мамандарымызды жұмыспен қамтып отыр.

Әзіргі күні кәсіпорында еңбек ететін 160-қа жуық адамның тек үшеуі ғана шетелдіктер екен. «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» басшысы Ербол Сәлімовтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда зауытта өндірілген техниканы Қазақстан армиясы, күш құрылымдар алып жатыр.

Бұдан бұрын баспасөз өкілдерімен жүздесіп, зауыттың тыныс-тіршілігін сөз еткен Ербол Сәлімов былай деген еді:

«Бүгінгі кезде шетелдік әскерилер де біздің өнімдерге қызығушылық танытып жатқан жайы бар. Соның ішінде – Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен көптеп сұраныстар болып жатыр. Бірақ та біздің зауыттың іске қосылғанына көп уақыт өте қойған жоқ қой. Ал дүниежүзіндегі аса ірі өндірістердің ғасырлық тарихы бар.

Сіздерге бір қызықты деректі келтіре кетейін – біздегі секілді әскери техниканы өндіретін кәсіпорындар шамамен 5-6 елде  ғана бар екен.

Машиналарымызды алуға ниетті шетелдіктер бірінші кезекте: «Өздеріңнің армияларыңа қанша машина жасадыңыздар?» деп сұрайды. Бұл ретте еліміздің Қорғаныс министрлігінің де қолдауы керек, себебі біздің техниканы жарнамалауға көмек жасаса деген өтініш бар.

Біздің зауыттың іске қосылғанына небәрі 2,5 жыл ғана өткенін айтқанымызда, осы сапалы техниканы Қазақстанда өндіріп жатқанымызға ешкім сенбейді. Сондықтан соңғы жылдары біз қоғамға бұл техниканы өзіміз шығарып жатқанымызды дәлелдеумен келеміз. Зауытта әрбір жабдықты өзіміз жасаймыз және осыны өте маңызды деп санаймын» – деген болатын зауыт басшысы.

Сәлімовтың сөзіне қарағанда зауыттың экспортқа шығуға қатысты өз стратегиясы бар.

Кәсіпорын алдағы 2 жылда шетел нарығына шығуды көздеп отыр. Тіптің қазірдің өзінде бірқатар Таяу Шығыс елдерімен уағдаластықтар бар екен.

Ал экспортқа бағытталатын негізгі машина  – «Барыс» 6х6 болмақ.

Бұдан бөлек зауыттың алдағы мақсаты конструкторлық бюроны дамытуға арналып отыр. Бастапқыда технология оңтүстікафрикалық  «Paramount Group» компаниясынан алынды.

Ендігі кезекте кәсіпорын басшылығы жеке конструкторлық мектебін дамытпақшы.

– Бүгінгі таңда  құрылған бюрода Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жас мамандар қызмет етіп жатыр. Осынау конструторлық бюроны жетілдіру арқылы Қазақстанда әскери жаңа машиналар мен технологиялардың түрлері көбейеді деп айта аламыз», – дейді Ербол Сәлімов.

4 жылда 26 тікұшақ құрастырылды

«Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» зауыты әскери-қорғаныс саласына қатысты жаңалықтарды оқып жүрген оқырманға жақсы таныс.

Осыдан сегіз жыл бұрын, 2010 жылдың 27 қазанында  «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Еурокоптер» француз кәсіпорны бірлесіп құрған еді бұл өндіріс орнын. Сол кезде бірлескен компания құру туралы екіжақты келісімге қол қойылған болатын.

Зауыттың баспасөз қызметінің дерегінше – кәсіпорын соңғы 4 жылда  26 тікұшақты (ЕС145)  құрастырып шығарған. Соның ішінде 18-і төтенше жағдайлар ведомствосына, ал 8-і Қорғаныс министрлігіне пайдалануға берілген екен.

Айта кетелік, негізі зауыт үш модельге арналған, яғни ЕС145, ЕС130, AS 350 тікұшақтары бар.

“Болашақта қару-жарақпен жарақталатын (Н 145M) тікұшақтарға тапсырыс боларына сенімдіміз”, – дейді кәсіпорын мамандары.

Ал қазіргі таңда осынау өндіріс орнынан жасалып шыққан тікұшақтар қорғаныс саласында қазақстандық әскерилерді тасымалдау жұмыстарына жұмылдырып жатыр.

Өз кезегінше төтенше жағдайлар саласындағы тікұшақтар медицина, апаттық-құтқару, өрт сөндіру шараларында кәдеге асуда.

Зауыт өзінен өндірілген әрбір өнімге жауаппен қарайды. Бұдан бұрын зауыт басшылығы 2011-2014 жылдар аралығында жинақталған техникалардың барлығы күрделі жөндеуден өтіп жатқанын хабарлаған болатын.

Ал төтенше жағдайлар мен қорғаныс салаларында кеңінен пайдаланылып жүрген EC145 тікұшағының техникалық сипаттамасы төмендегідей:

Жолаушылар саны – 1+9;

Тікұшақ көтеретін жоғары масса – 3 585 келі;

Сыртқы ілмеке тағылатын жүк салмағы – 1 500 келі;

Отын багының сыйымдылығы – 694 келі;

Қозғалтқышы – 2 турбовалды Turbomeca Arreil 1E2;

Жылдамдығы – 278 км/сағ;

Стандартты отын багымен ұшу қашықтығы – 651 шақырым;

Бағындыра алатын ең жоғары биіктігі – 5 485 метр.

Алдағы уақытта біз еліміздегі әскери техника өндіретін өндіріс орындары жайлы тағы да тереңірек зерттеп жазатын боламыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз