Балқаштың 27 жастағы тұрғыны Жансерік Мұнарбековты 2 жыл бұрын қаладағы кафелердің бірінің маңында 4 жігіт аяусыз соққыға жығып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған.
Бірақ әлгі төртеудің біреуі ғана жазасын алған. Мұнарбековтың әпкесі әділдік іздеп қайта шағымданғанда, құқық қорғау органындағылар жәбірленушіні сотталушыға айналдыру үшін барын салыпты. Тіпті, әпкесін қосып, арттарынан қудалауға кіріскен.
Әділдік іздейміз деп басы дауға шатылып, әбден тығырыққа тірелген Мұнарбековтер әулеті ақыры жан дауысын естір деген ниетпен Елбасыға және ҚР Бас прокурорына видеоүндеу жолдап, әлеуметтік желілерде таратты.
2015 жылдың ақпанында кафеге барған Жансерік Мұнарбаев ауыр соққыға жығылып, ауруханаға түскен. Ол кезде беті мен денесінің сау тамтығы қалмаған. Ол тіпті қозғала да алмаған. Дәрігерлер оның орташа ауырлықта бас миының шайқалуы, бас сүйегі бірнеше жерден сынғанын және көптеген жарақат алғанын тіркеген.
“Оны төрт адам аямай тепкі астына алған. Кафенің бейнебақылау камераларынан видео да бар.
Жанжалдың неден басталғаны белгісіз. Видеодан менің інімнің бейбіт тұрғаны көрініп тұр. Ол кафеге күліп кіріп, бәрімен амандасқан. Ақыры ол жансақтау бөліміне түсті. Ауруханаға келгенде, оны әзер таныдық. Басы мен беті ісіп кеткен еді. Денсаулығына ауыр зақым келген. Өлім аузынан қалды. 8 күн өте ауруханадан шығарды, біз талап етті деген сылтаумен. Бірақ біз ауруханадан шығарылуына қарсы болғанбыз. Оны Қарағандыда емдедік. Содан бері оның денсаулығы сыр берді. Есін әлі толық жиған жоқ”, – дейді әпкесі Айжан Унтупова.
Айжанның айтуынша, 2016 жылдың 28-қыркүйегінде сот болған. Мұнарбаевтың әпкесінің айтуынша, қылмыстық істе анық дәлелдер ескерілмей қалған.
“Қайда барсақ та бізге қол сілтейді де қояды. Ақыры полицейлеріміз інім мен маған қатысты қылмыстық қудалау бастады. Жансерік оқиға болған күні ашулы болған, бұзақылық жасаған және өзімен қару ұстап жүрген-мыс. Жансеріктің тыныш жүргенін дәлелдейтін материалдардың барына қарамастан осындай айыптар тағылды. Сонымен бірге, ол жалған куәлік етті деп айыпталуда. Бұл сандырақ қой. Енді ол зардап шегушіден айыпталушыға айналды”, – деп түсіндірді Унтупова.
Балқаш соты істің қаралып жатқанын растады. Істі судья Марат Башанов қарастырып жатыр. Бұл іске қатысты келесі сот отырысы сәуірдің 27-не белгіленген.
Жансеріктің анасы мен әпкесі Қазақстан Президенті мен Бас прокурорына видеоүндеу жолдады. Олар бұл істің анығына жетіп, кінәлілерді жазалауды сұрайды.