Шетелге демалысқа баруды жоспарлаған қазақстандықтар алаяқтардың арбауына түсіп, ақшаларын қайтара алмай жүр. Бірнеше қаланың тұрғындары сатып алған жолдамалары үшін төлем жасап қойғанымен, уәде етілген сапар орындалмаған.
Ақтөбе тұрғыны Олжас Қожаевтың айтуынша, бір отбасы саяхат үшін миллионға жуық қаржы төлесе, тағы бір топ адам да дәл осындай сомада алданған. Олар туристік қызметтерді өздері таңдаған, бірақ ақшаларын қайтару мүмкін болмай отыр.
«Авторлық турды өзіміз таңдадық. Кейін ақшамызды қайтаруды сұрадық. Бірақ ұйымдастырушы үнемі уәде беріп, ақшаны қайтарамын деп созып келеді», — дейді ол.
Ақтөбеде ғана емес, Алматы, Астана, Тараз және Өскемен қалаларының да тұрғындары алданып қалған. Жәбірленушілер қаңтар айында жылы жаққа баруды жоспарлағанымен, не жолдама, не ақшаларын қайтара алмай отыр. Қазіргі уақытта туристік агенттікті ұйымдастырған Салтанат есімді азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Алаяқтық фактісі бойынша туристік агенттік иесіне қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында үш отбасы жәбірленуші ретінде танылды. Күдікті алдын ала төлем алып, бірақ уәдесін орындамаған», — дейді Ақтөбе облысы Полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов.