Есіңізде ме, президент Назарбаев бір сөзінде 2020 жылға дейін қазақша білетіндердің саны кем дегенде 95 пайызға жететінін айтқан. «2017 жылы мемлекеттік тілді меңгергендердің саны 80 пайызға жетуі тиіс», – деген бұған қоса Назарбаев.
Президенттің сөзін қаз қалпында жеткізейікші.
«Қазіргі таңда мемлекеттік тілді еркін меңгерген халықтың ішінде ересек адамдардың саны басым көпшілікті құрайды. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің орасан зор жетістігі. Оны айтып отырғаным 1991 жылы, тәуелсіздік жариялаған кезде Қазақстандағы қазақ халқының саны қанша еді? Халықтың жартысынан кем еді. Өз тілінен айырылып қала жаздаған, ана тілін білмейтін қазақтардың саны қанша еді? Мінеки осы жылдардың ішінде істеген шаруамыздың арқасында біздің санымыз халықтың 70 пайызына жақындап қалды. Бұл шынында да үлкен табыс. Енді алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95 пайызға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді білетін болады. Және біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз».
Бірақ, бұл əншейін сөз емес, Назарбаевтың Үкіметке жүктеген нақты тапсырмасы болатын. Ал Мəсімов үкіметі президент жүктеген міндетті қалай орындауда, осы? Қазақша сөйлейтіндердің саны көбейді ме? Əлде басқа мəселелермен басы қатып жүрген Мəсімов үкіметі Елбасының тапсырмасын естен шығарып алды ма?
Неге десеңіз, 2017 жылы тиіп тұр. Əне–міне есіктен кіретін кезі алыс емес. Алайда мемлекеттік тілді білмейтіндердің əлі де көп екенін жəне олардың саны бір мысқал азаймағанын көріп біліп жүрміз.
Одан қалды, Тəуелсіз елде өмір сүре тұра баласын əлі күнге дейін орыс мектебіне беретіндер бар. Демек, Тəуелсіз елде тілінен айырылып қалған ұрпақ əлі де тəрбиеленіп жатыр.
Қазақтың өз жеріндегі үлесі 70 пайызға жетсе де өз тілінде сөйлей алмай жүр. Рас қой. Кеңестік кезеңнен қалған шаблондар халықтың санасына сіңіп қалғаны соншалық,
«балам орысша оқымаса адам болмайды» деген түсінік əлі де «өлмеген». Өзектілігін жоймаған.
Иə, айтылмай жүрген дүние емес. Білесіз. Өзіңіз де естігенсіз. Туысқаныңыз сізге солай айтуы мүмкін, тіпті өзіңіз де солай ойлауыңыз ғажап емес…
Байқаған адамға осы сөздің астары қорқынышты.
«Балам орысша оқымаса адам болмайды» деген түсініктің арғы жағында
«қазақ орысқа қосылмаса, орыстың жанында жүрмесе мандымайды» деген құлдық психология жатқан жоқ па?
Құдай сақтасын.
Бұл өз алдына. Бұл да айтылып жүр.
Негізгі сауал:
2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы қазақша сөйлей ме, қалай ойлайсыз? Сөйлесе, мұның алғышарты қазірден бастап көрінуі керек еді ғой? Алдымен Мəсімов үкіметінен байқалуы керек еді.
Мəсімов қазақшаны акцентсіз сөйлеген күні бізде бір үміт пайда болар еді. Əзірге ол жоқ…
Белгілісі, 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақша сөйлеуі үшін Үкіметтің өзі мемлекеттік тілге деген мәжбүрлік туғызуы керек еді. Əзірге ол да жоқ…
Аль ФРЕДО