Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Аталмыш құжат аясында 12 заң мен 4 кодекске 250-ге жуық түзетулер мен толықтырулар енгізілмек, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Біз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын таныстырамыз. Осы жобаны кеңінен талқылау үшін қоғамның қатысуына барша мүмкіндікті жасадық. БАҚ өкілдерімен қызу пікірталас өтті. Осындай талқылаудың нәтижесінде азаматтық қоғамның қалауы бойынша жобаның кейбір баптарына өзгерістер енгіздік. Бұл ретте біз ақпараттық кеңістікті нығайту мен отандық масс-медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды назарға ала отырып, әрі азаматтардың мүддесін қорғауды да ескердік. Осының арқасында пікіріміз бір арнаға тоғысып, ортақ шешімге келдік», – деді министр.
«Министрлік талқылау кезінде айтылған 200-ден астам ұсыныстың 70 пайызын ескерді. Олар заң жобасына енгізілді. Бұдан бөлек, Премьер-министр кеңсесінің бөлімдерінен келіп түскен ескертулер де назарға алынды. Заң жобасы шеңберінде 12 заң мен 4 кодекске, 250-ге жуық түзетулер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отырмыз. Ендігі кезекте аталмыш заң жобасында қамтылатын негізгі өзгерістерге тоқталып өтейін», – деді министр.
Осы орайда ол жаңа БАҚ туралы заңда балалардың құқығын қорғау мәселесі де енгізілгендігін алға тартты.
«Заңда ақпараттық кеңістікте балалардың құқығын қорғау көзделген. Осы мақсатта келесі новеллалар енгізілді. Зорлық-зомбылықтың зардабын тартқан балалардың фотосы және оған қатысты деректерді оның және заңды өкілдерінің рұқсатынсыз пайдаланбау. Балалар мен білім беруге бағытталған телебағдарламалардың заң тұрғысынан анықтамасын беру. Сондай-ақ, БАҚ азаматтың рұқсатынсыз оның суретін пайдалана алады», – деді ол.
Сонымен қатар, Абаев аталмыш құжат БАҚ жұмысының жеңілдете түсетіндігін айтты.
«Екіншіден, заң жобасына БАҚ түсетін жүктемені азайту көзделген. Яғни ұсақ заң бұзушылық бойынша БАҚ-тың жұмысын тоқтата тұру, тиражды тәркілеу деген нормаларды алып тастау ұсынылып отыр. Баспасөз басылымы өкілетті органға міндендетті анықтаманы электронды түрде беруге міндетті. Үшіншіден, БАҚ пен мемлекет арасындағы байланысты жақсарту үшін «ресми хабар беру» деген түсінік ензуді жоспарлап отырмыз», – деген министр заң жобасы Парламенттің қарауына енгізуге толықтай дайын екенін алға тартты.