Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Азаматтық қоғам және құқықтық мәдениет: біз дұрыс жолдамыз

2241

Қазақстанның құқықтық, азаматтық қоғамында, бір жағынан, өзара тығыз байланысты, екінші жағынан, биліктің беделі – қазақстандық тұлғаның  тәуелсіздігі формуласы арқылы берілген іс-әрекет салаларының бөлінуін ұйғаратын индивид пен мемлекеттің қарым-қатынасының жаңа формаларының негізі қаланған.

Құқықтық, азаматтық қоғам мүшелерінің әлеуметтік және интеллектуалды даму деңгейі жоғары және олар өз таңдауын еркін жасайтын,  өз іс-әрекетіне өзі жауап беруге қабілетті жағдайда ғана құқықтық, азаматтық қоғам өміршең болады.

Егер радикалды өзгерістердің жүзеге асуы барысын, жағдайын және бағалануын ескерсек, біз Қазақстанда құқықтық және азаматтық қоғамды қалыптастыру  мәселесінің өте өзектілі екенін  көреміз. Ғылыми әдебиеттерді талдай отырып, Қазақстандағы құқықтық және азаматтық қоғамының қалыптасуы және дамуы туралы  әртүрлі көзқарастардың кездесетінін аңғаруға болады.

Бірақ көптеген ғалымдар біздің елімізде құқықтық және азаматтық қоғамның енді ғана қалыптасып келе жатқандығына, оның  құрылымының әлсіздігіне, қоғамдық қатынастардың тұрақсыздығы тұрғындардың арасында кейбір мәселелерді шешуге немқұрайлық танытуына себеп екендігіне көңіл аударады. Қалыптасқан әлеуметтік құрылымнан жаңаға  өту үрдісі  қиын және уақытты талап етеді, сонымен қатар, қазіргі кезде  көпшілігінде  әлеуметтік нақты өзіндік идентификация  жоқ.

Бүгінгі таңда  Қазақстандағы құқықтық және азаматтық қоғам дегеніміз көп жағдайда практикалық шынайылық емес, теориялық идеал, нақты жеткен жағдайдан гөрі, оған  жетуге ұмтылу  екенін мойындау керек. Бұл тек қана Қазақстанға ғана емес, ТМД елдерінің басқа мемлекеттеріне де қатысты. Шындығына келгенде құқықтық және азаматтық қоғамның мәнді сипаттамалары, негізгі белгілері  өзінің толық мәнінде әлемнің бірде-бір елінде  іске аспағаны бұған дәлел болады.

Шын мәнінде құқықтық және азаматтық қоғам Қазақстанда жаңа пайда болып жатқан феномен. Азаматтық қоғам функциялары мен демократиялық құқықтық әлеуметтік мемлекеттің функцияларының оптималды арақатынасы  қазіргі күннің  маңызды сұрағы болып отыр.

Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғамның қалыптасуы бірдей болуы өте маңызды. Бірақ  азаматтық қоғам «біршама алда» қалыптасуы қажет деп ұйғарым жасауға негіз бар, өйткені құқықтық мемлекет құруды  билік институты емес, азаматтық қоғам институты күн тәртібіне қояды.

Азаматтық қоғам – құқықтық мемлекеттің әлеуметтік инварианты, ал соңғысы – азаматтық қоғамның заңды инварианты. Екеуі де тек бір уақытта өмір сүре алады.

Біздің елімізде азаматтық қоғам да, құқықтық мемлекет те бар құбылыс  емес, көрсеткіштері бойынша нақты болмыс бағаланатын, болмыс үшін міндетті әлеуметтік және заңды идеал-модальдық болып есептелінеді.

Осыған байланысты қажеттілік «керісінше» емес, мемлекеттің азаматтық қоғамға қызмет етуі өте маңызды. Сонымен қатар, азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс жай ғана көп қайталанатын байланыс емес, ол өзара толықтыратын байланыс екенін атап өту керек.

Осы өзара байланыстың  негізгі бағытының бірі – мемлекеттік құрылымдардың іс-әрекетін қоғамдық бақылау. XYIII ғасырдың өзінде-ақ француз ойшылы Ш.Л. Монтескье мемлекет билігін бақылау азаматтық қоғамның негізгі функциясы деген пікір білдірген. Қоғамдық бақылау ұғымын қоғам мен  оның институттарының азаматтар мен олардың  топтарының тәртібіне әсер етуімен байланыстыру керек. Олардың оны іске асыруының  тәжірибесі негізінде азаматтық қоғам шеңберінде  өзіндік бақылау болуы мүмкін.

Соңғы  жылдарда қоғам мен үкімет деңгейінде  бүгінгі Қазақстан үшін аса маңызды болып табылатын елімізде  азаматтық қоғам институттарын құру мәселесіне байланысты көптеген іс-шаралар өткізілді. Азаматтық қоғам  институттарының дамуы, олардың жаңа саяси-экономикалық роль мен мәнге ие болуы  әлемдік дамудың жаһандық жетекші тенденциясына айналды.

Бірақ Қазақстанның құқықтық және азаматтық қоғамға, адам еркіндігі мен құқықтарына қарай даму жолы қиын, өйткені ол этатизмнің көп ғасырлық дәстүрінен шыға алмай отыр. Мемлекеттікті аса әсірелеу, билік құрылымдарының шексіз күштілігі саяси-құқықтық жағынан белсенді, өз өмірін өз бетімен қалыптастыратын, саяси және әлеуметтік реформаларға белсенді атсалысатын  қазақстандық тұлғаның  қалыптасуына ықпал етпеді. Саяси және құқықтық мәдениетте қазақстандықтың  билікке тәуелді болуы орын алған, осыған сай  өзін-өзі басқару дағдылары да жоқ. Бүгінгі Қазақстанның болмысы азаматтық қоғам институттарын құру инициативасы азаматтардан емес, мемлекет билігі тарапынан туындайтынын және ол азаматтық қоғам институттарын жасанды қалыптастырудың шектері мен бағыттарын айқындайтынын көрсетеді.

Соңғы жылдарда азаматтық қоғам институттарының саяси-экономикалық ролінің өзгеруі көшбасшы-лидер-елдер арасында әлемдік үстем  тенденцияға айналды. Осы  институттар бірте-бірте  мемлекеттік институттарды ысырып, орнын басуда. Ол барлық басқару жүйесіне, соның ішінде экономикалық басқарудың тиімділігіне тікелей әсер етеді. Мысалы, АҚШ-та соңғы қырық жыл ішінде мемлекеттік емес шығындар қоғамдық игілік, денсаулық, дін және тіпті  халықаралық қатынастарға байланысты мемлекеттің  шығындарынан асып түсті.

Әділдігіне келсек, осы тенденциялардың әрдайым оң сипаты бар дей алмаймыз. Азаматтық қоғамның институттары болып табылатын  лаңкестік, ұлтшыл, экстремистік  және т.б. ұйымдар санының өсуі осыған мысал болады.

Бүгінгі таңда азаматтық қоғамға байланысты мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – мемлекеттік емес институттарды бақылауда ұстау. Мұндай саясат заң шығаруды жиі өзгертуде, әлеуметтік басымдықтарды таңдауда, қандайда бір органдарды қолдауда көрінеді.

Мұндай саясаттың теріс сипаты азаматтық қоғамның өз табиғатына сай азаматтардың мүдделері мен мүмкіндіктеріне байланысты мемлекеттік жүйеге тәуелсіз болуымен байланысты. Сондықтан, аталған саланы бақылау және реттеуге жол беруге болмайды. Бірақ қысқа аралықта осындай айқындаманың қоғам өмірінде азаматтық қоғам тақырыбының көтерілуі, қоғамдық ұйымдарға қосымша қаражаттың бөлінуі секілді оң салдары болуы да мүмкін. Жалпы алғанда, азаматтық қоғам институттарының іс-әрекетіне мемлекеттің белсенді қатысуы олардың жұмыстарын ұйымдастыруды формалды түрге айналдыруға әкелуі мүмкін және қоғамдық өмірдің жандануына  да әсер етпейтін болады.

Мемлекеттің әсер етуінің теріс салдарларын мемлекет пен азаматтық қоғам өкілдерінің ашық диалогы, сонымен бірге елімізде азаматтық қоғамды дамытуға мүдделі екі жақтың да белсенділік танытуы арқылы  төмендетуге болады. Бүгінгі күні Қазақстандағы азаматтық қоғам институттары үшін өзін-өзі ұйымдастыру, қоғамдық бақылаудың механизмдерін қалыптастыру және дамыту, билік органдарымен  мазмұнды өзара әрекет ету диалогын жүзеге асыру мәселелері өте өзекті. Сонымен қатар, мемлекетік басқару жүйесінің қызметінің тиімділігін арттыру талаптарының күшеюін қоғамдық бақылаудың көлемі мен сапасына сұраныстың артуын  қамтитын жаңа тенденциялар да байқала бастады.Тұрғылықты халықтың белсенді бөлігінің адамгершілік сезімдерін, ең алдымен, әлеуметтік әділеттілік құндылықтарын қорлайтын билік өкілдерінің заңға қайшы іс-әрекеттеріне деген қоғамдық реакция күшейе түсті.

Қазақстан Республикасының құқықтық, азаматтық қоғамы үшін өзін-өзі ұйымдастыру, қоғамдық бақылаудың механизмдерін қалыптастыру және дамыту, билік органдарымен  мазмұнды өзара әрекет ету диалогын жүзеге асыру мәселелері өте өзекті болып қала береді.

Азаматтардың құқықтық санасын және құқықтық сауаттылығын дамыту саласында Қазақстан Республикасының Негізгі мемлекеттік саясатын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары бойынша Қазақстанда азаматтарды құқықтық ағартуды дамыту Стратегиясына байланысты жұмысы осындай ынтымақтастықтың мысалы болып табылады. Ол қазіргі кезде Қазақстан үкіметі тарапынан  жұртшылықты кең түрде жұмылдыру арқылы іске асырылуда.

Азаматтардың құқықтық санасын және құқықтық сауаттылығын дамытудың  мемлекеттік саясаты тек мемлекеттік биліктің барлық органдары мен жергілікті атқару органдары ғана емес, сонымен бірге мамандандырылған заңгерлік  қоғамдастықтар, заңгерлердің қоғамдық бірлестіктері, азаматтық қоғамның барлық құрылымдары қатысатын күрделі де ауқымды жұмыс. Ашық және тиімді өзара әрекет азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асырудың мызғымас негізін қалауға бағытталған. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында бөгеттерді мейлінше жою, бір жағынан, мемлекеттік билік пен оның құрылымдары, мемлекттік емес органдар мен ұйымдардың, екінші жағынан, азаматтардың  арасындағы диалогты «айқын» қылу қажет.

Бүгінгі таңда біздің елімізде азаматтық қоғам әлсіз көрініс тапқанын мойындау керек, оны бірқатар фактрлармен түсіндіруге болады.

Біріншіден, қазіргі заманғы Қазақстанда бірегей ұлттық элита қалыптасқан жоқ. Қазіргі кезде біздің еліміздің барлық ұлттарының мүдделерін білдіре алатын өркениетті ұлт қана жеке мүдделерді ортақ мүдделердің маңайына топтастыра алатын субъект бола алады. Бірақ ол жоқ. Үлкен жобаларды жүзеге асыру үшін қоғамға байланыста болу жетпейді. Өз түсінігіндегі өз мүдделерін қорғауға бағдарланған қатал, жаңа жастар өсіп келе жатыр. 10 жылдан кейін олар қоғамда басым орынға ие болады.

Ғалымжан ӘБСАТТАРОВ,

с.ғ.к., Абай атындағы  ҚазҰПУ 

Тарих және шетелдік студенттермен

жұмыс факультеті деканының орынбасары

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз