ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жаңа рейстердің ашылатынын мәлімдеді.
Комитет төрағасының орынбасары Талғат Ластаевтың айтуынша, 2016 жылдың маусым айында Астанадан Тегеранға тікелей рейс ұшады. Иран тарабымен арадағы келісімге сай, Қазақстанның екі қаласынан Иран астанасына аптасына 14 рет рейс ұшады.
– Иранға тек Бейжің қаласынан тікелей рейс ұшатындықтан, Қытайдың басқа қалалары Иранға Қазақстан арқылы ұша алады. Біз Үрімжі мен Сияньға рейс ұшырып отырмыз. Сондай-ақ, Ресейдің шығысындағы елдерден транзит тасымалдануы мүмкін,
– деп түсіндірді ол.
Комитет төрағасының орынбасары хабарлағандай, биыл Астана, Алматы, Ақтау қалаларынан Сочиға тікелей рейстер ашылады. «Сондай-ақ, 2017 жылы Астанадан Токиоға тікелей рейс ұшыру үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деді Талғат Ластаев.