Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қазақстан Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр

Палата өкілдері бас­па­сөз мәслихатын өткізіп, бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдарына қоз­ға­лыс­тың мақсат-міндеттері ту­ралы ай­тып берді. Басқарма тө­рағасының орынбасары Нұр­жан Әлтаевтың мә­ліметінше, «Атамекен» ұлт­тық кәсіп­керлер пала­тасы ел кә­сіп­­керлерінің өнімдерін әлем­дік нарыққа шығаруды көз­дей­ді. «Қазақстандағы ауыл ша­руа­­шы­­лығы саласын, ауылдағы тұр­­ғын­дар­дың жағдайын қалай кө­те­реміз?» деген мәселе үнемі алды­мыз­­дан шығып жатады. «Отан­дық өнімдердің саудасын қыз­ды­руда қандай шаралар қолға алы­нуда?» деген сыңайдағы сауал­дар да аз емес. Бәрімізге мәлім, біз­дің мем­лекетіміздің екі жағында Қы­тай және Ресей елдерінің үлкен на­рығы бар. Одан әрі­дегі араб мем­ле­кеттерінің нарығы да оңай емес. Біз осын­дай үлкен алыс-берістің орта­­сында отырғанымызды тиім­ді пайдалануға тиіспіз. Ал ауыл ша­руашылығы – біздің эко­но­микамыздың драйвері. Сон­дықтан ел аумағында өндірілетін өнімдерді тек өзімізде қалдырмай, жаңағы мем­ле­кет­тер­дің нарығына да жал­ғау­ға тиіспіз», де­ді палата өкілі.

Көпшілігіміз білетіндей, Мем­­­­ле­­кет басшысы Нұрсұлтан На­зар­ба­ев осы­ған дейін Қытай Ха­лық Рес­пуб­ли­касына бірнеше рет са­пар­лап, екі ел арасындағы сауда-сат­тық­ты дамы­ту мәселелерін қау­за­ған. Өзге де про­блемаларды талқылаған. Соның нә­тижесінде Қытай тарапынан шектеу қойылған тауарларымыздың бір­ша­ма­сын экспорттауға мүмкіндік туды. Ал бұл қазақстандық ауыл­шаруа­шы­лық өнімдеріне сұранысты, тіпті артты­ра түскен сыңайлы. «Рас, Қытай – дүние жүзінде Еуропалық одақ пен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұрған ауыл­ша­руашылық тауарларын өндіретін ірі мемлекет. Олар тек өткен жылы ғана 115 миллиард доллардың өнімін өзге ел­дерден импорттаған. Айталық, 3 миллиард долларға 7 миллион тонна сиыр етін алса, 38 миллион долларға 200 мың тон­на бау-бақша өнімдерін сатып алған. Бұған қоса, 3 миллион тонна бидай, 11 миллион тонна арпа, тағы 75 миллион долларға 7 миллион тон­на бал өнімдерін пұл­даған. Ал осы жердегі Қазақстанның үлесі бар-жоғы 0,1 пайыз ғана». Бұл – Н.Әлтаевтың сөзі.

Мамандардың айтуынша, «Қы­тайға экспорт» қозғалысынан кейін елі­міздің Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі үлкен шаруаны қолға ал­ған екен. Жақын арада азық-тү­лік тауарларын өндіретін коопера­тив­тер мен фермерлерге же­ңіл­детілген пай­ызбен несие, өзге де тиімді қа­ражат көздері ұсы­ны­ла­тын болады.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­­ла­та­сы Қытайға өз өнімдерін экс­­порт­та­ғысы келетін отандық кә­сіпкерлерге жан-жақты қолдау көр­сетуге даяр. Бү­­гін­де палатаның рес­ми сайтында «Қытайға экспорт» айдары ашылып, онда тауар­лар­ға қойылатын негізгі та­лап­тар ғана емес, көрші елдің на­ры­ғына шығудың сызба-нұсқасы да орна­ластырылған. Бұдан бөлек, арнайы байланыс орталығына қоңырау шалып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алуға да болады. Сондай-ақ, «export@palata.kz» электронды поштасына сауал жолдауға мүмкіндік бар.

«Біз әрбір кәсіпкердің қолынан же­тек­теп, Қытай нарығына шы­ғуына кө­мек­тесеміз. Алайда, бәрі же­ңіл болады деп ойлауға бол­май­ды. Өйткені, эко­но­микасы қа­рыштап дамып кеткен алып мем­­лекеттің құзырлы органдары сырт­тан келетін өнімдерді қатты тек­середі. Қытай нарығына шығу үшін арнайы куәлікті алу жолдары да күрделі. Сондықтан тиісті талап­тар­ға дайын болғанымыз жөн», деді Нұржан Әлтаев.

Мамандар ел кәсіпкерлеріне бірігіп, кооператив құру арқылы көрші елдің на­рығына шығуға ке­ңес берді. Олардың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандық омарташылар бір кооператив құрып Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. «Біз бұрындары еліміздегі бал өнім­­дерін Қытайға тасымалдай алмайтын едік. Мемлекеттік мекемелердің ір­гелі жұмысының арқасында келісімге кел­дік. 1500 отандық бал өндіретін кә­сіпкердің басын құрап, кооператив құрдық. Қытайлық арнайы инспекция осы кооператив өнімдерін тексеріп, оң бағасын берді. Енді қазақстандық омар­ташылардың балы өзге елде де пұл­данатын болады», деді палата өкілдері.

Бүгінде «Атамекен» ҰКП Қа­зақ­­стан өнімдерін Қытай нары­ғына шы­ғаруға қатысты жұмыс­тар­ды жүр­гізіп жатыр. Ауыл ша­руа­шы­лығы министрлігімен бірігіп, шектеу­лер қойылған өнім түрлеріне бай­ланысты кедергілерді жоюға да белсенді атсалысуда. Олар, негізі­нен, отандық өнімдерді көрші ел­дің нарығына кеңінен таныту мақсатында бірыңғай брендті қа­лыптастыруды көздейді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз