Ағымдағы жылғы 16-17-тамызда Өскеменде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Ішкі істер министрліктерінің екінші бірлескен алқа отырысы өтті, – деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Алқа мәжілісінің жұмысына екі мемлекеттің ішкі істер министрлері Қалмұханбет Қасымов пен Владимир Колокольцев, олардың орынбасарлары, қызметтер мен шекаралас ішкі істер органдарының басшылары, сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Қалмұханбет Қасымов қылмысқа қарсы күрес мәселесіндегі министрліктердің өзара іс-әрекеті жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Отырыс барысында екі мемлекеттің экстремизмге қарсы күресте бірлесе әрекет ету мәселелері талқыланды. Террористік және экстремистік қылмысқа қатысы бар іздеуде жүрген адамдар, террористік және экстремистік ұйымдар туралы ақпарат алмасуды жандандыру жолдары қаралды.
Сондай-ақ кездесуде жол қозғалысын қамтамасыз ету саласындағы ішкі істер органдарының екі жақты ынтымақтастығының жай-күйі мен болашағы сөз болып, оны жетілдіру шаралары пысықталды. Бұдан бөлек тараптар автокөлік құралдарын тіркеу және есептен шығару, тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру, сонымен қатар көлік құралдары мен оны ұрлауға қатысы бар адамдарды іздеу үшін жедел іздестіру шараларын жүргізу жөнінде өзара іс-қимыл жасау туралы жедел мәлімет алмасуды жандандыру жолдары туралы пікір алмасты.
Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары экстремизммен күрес және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған шешімге қол қойып, бірлескен алқа отырысының 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.