Бүгін ҚР Бас Прокуроры Жақып Асанов Малайзияның Бас прокуроры Мохамед Апанди бин Алимен кездесу өткізді.
Ж.Асанов малайзиялық әріптесін қазақ жерінде қарсы ала отырып, құқықтық саладағы екі жақты қатынастардың достық және сындарлы сипатын атап өтті, деп хабарлайды Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сұхбаттасу барысында Қазақстан Бас Прокуроры прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ шарттық-құқықтық негізді кеңейту және нығайту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Екі ел мекемелерінің басшылары екі жақты құқықтық ынтымақтастықтың едәуір әлеуетін атап өтіп, лаңкестікке қарсы тұру, ұлттық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде күш біріктірудің ерекше өзектілігін атап айтты.
Кездесу барысында ұстап беру туралы және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы мемлекетаралық шарттарды жасасу мәселелері талқыланды.
Келіссөздер нәтижелері бойынша тараптар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Малайзияның Бас прокуратурасы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Аталмыш құжатқа қол қою өзара ықпалдастықтың дамуына, құқықтық саладағы ақпарат және озық тәжірибемен алмасуға жаңа серпін береді.
Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Малайзияның құзіретті органдары арасында қылмысқа қарсы тұру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерінде ықпалдастықтың қалыптасқан деңгейін ризашылықпен атап өтті, сондай-ақ шарттық-құқықтық негізді кеңейтуге дайын екендіктерін растады.