Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Қазақстан Еуразиялық одаққа кірер кезде шығатын тесікті де ойлауы керек еді — экономист

Қазақстан Еуразиялық одаққа заңсыз кірген!

Екіншіден, Еуроодақ пен Еуразиялық одақты салыстыруға еш келмейді. Еуразиялық одақ – жетілмеген шала құрылым. Мысалы, Қазақстанның Ата Заңында мемлекетаралық одаққа қатысуды қарастыратын бап жоқ. Демек, біздің бұл одаққа мүшелігіміздің өзі заңсыз.

Үшіншіден, Еуроодақ құрамынан Ұлыбритания референдум арқылы шықпақшы. Демек, бұл мәселені Ұлыбритания халқы шешеді. Ал бізде халық не шешеді?

Қазақстанның Еуразиялық одаққа енуі рефрендум арқылы өткен жоқ. Халықтың пікірін ешкім сұрамады. Бұл одақтың құжатында одан шығу туралы бап бар. Бірақ оның тетігі көрсетілмеген.

КСРО кезінде де солай еді. «Әрбір кеңестік республика КСРО құрамынан шығуға құқылы» делінді. Құқығы болғанымен, ол жерде шығудың еш тетігі қарастырылмаған.

Сол себепті КСРО құрамындағы бодан мемлекеттер одақтан шығу мүмкін еместігін жақсы түсінген. Осы жағынан алғанда,

біз қайда болса да кірер кезде шығатын тесікті ойлауымыз керек еді ғой…

Ештен кеш жақсы демекші, осыны да бізге ойластырып қою керек.

Төртіншіден, Еуроодаққа мүше 28 мемлекеттің 16 мемлекеті ғана евро зонасына енеді, ал қалғандары — осы одақтағы «мықтылар». Олар ерекше мәртебеге ие. Соның бірі – Ұлыбритания.

Тұманды Альбион бір қамшының айдауымен жүргісі келмейді. Сондықтан Еуроодақ қабылдаған шешімдерді Ұлыбритания өзіне оңтайлы болса ғана қолдайды. Жалпы, Лондонның іштей жерінуі де саяси тұрғыда тәуелсіз болуы үшін жасалып жатыр.

Міне, біз де Еуразиялық одақ құрамында біреуге жегіліп кетпес үшін ерекше мәртебеге ие болуға тырысуымыз қажет. Ол үшін біз бұл одаққа кірмей тұрып, өз-өзімізді тауармен, қызмет түрімен, капиталмен және жұмыс күшімен 60-80 пайыз деңгейде қамсыздандыра алатындай жағдайға жетуіміз тиіс еді. Алайда бізде бұл көрсеткіш небәрі – 26 пайыз. Ресейдікі – 66-67 пайыз. Демек,

біз қаласақ та қаламасақ та Ресейдің айдауымен жүруімізге тура келеді. Иә, Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіру туралы шешімі өте асығыс жасалғаны анық.

Есің барда, елің тап!

Бесіншіден, Еуроодақ – интеграциялық дамудың ең таза үлгісі. Қазір әлемде жаһандану, аймақтандыру сынды табиғи процестер жүріп жатыр. Олардан айналып өту мүмкін емес. АСЕАН, НАФТА сынды түрлі деңгейде интеграциялық ұйымдар құрылып жатыр.

Алайда аймақтандыру процесін теріс құбылыс ретінде пайдаланып жатқандар бар. Мысалы, қазір интеграциялық процеске қатысу міндетті.
Бірақ ортақ мүддеге құрылған кейбір ұйымдардың мақсаты алабөтен. Соның бірі – Еуразиялық одақ.

Еуроодаққа қарасаңыз, әр процесс пісіп-жетілген уақытында қабылданып отырады. Әрі олардың арасындағы уақыт айырмасы да едәуір. Ал кеше ғана құрылған Еуразиялық одақтағы үлкен экономика – Ресей арада көп уақыт өтпесе де, түрлі саланың интеграциясын жеделдетіп, одақтастарын мазалап әлек.

Мәскеу ортақ ақшаны тезірек шығарайық деді. Одан кейін ортақ энергетикалық кеңістік құрайық деді. Енді келіп ортақ ақпараттық кеңістік құру жайын көтерді. Бірыңғай гуманитарлық кеңістікті де қозғап жатыр. Одақ пайда әкелетінін дәлелдей алмағанына қарамастан, осындай ұсыныстар түсіп жатыр.
Бұл арада экономикалық мүдде жоқ, бірақ саяси мүдде алыстан-ақ «мен мұндалайды». Ендеше, мұндай жағдайда бізге «есің барда еліңді тап» деген қағидаға жүгінген дұрыс қой.

Бұл Қазақстанға қатысты параллельді салыстыру.

Енді Ұлыбританиядағы референдум мәселесінің өзіне оралайық. Әлемнің басқа елдері секілді Қазақстанға да Ұлыбританияның Еуроодақтан шықпағаны тиімді. Өйткені Еуроодақ – Қазақстанның ең бірінші сауда-саттық әріптесі.

Қазақстан тұтынатын импорттың 50 пайызы Еуроодақтан келеді. «Еуропаға жол» деген ауқымды бағдарламамыз да бар. Биыл Еуроодақпен қайтадан келісім жасаған болатынбыз. Ұлыбритания Еуроодақтан шықса, Қазақстанның экономикасында дисбаланс орнайды. Сондықтан мұның бізге керегі жоқ.
Иә, бүгін Ұлыбританияда Еуроодақтан шығу туралы референдум өткелі тұр. Егер халық оң дауыс берсе, онда Ұлыбритания Еуро одақ тарихында оны тастап кеткен алғашқы мемлекет болмақ.

Тоқтар Есіркепов, экономика ғылымының докторы, профессор

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз