Ақтөбе облысында ауыр халде жатқан сәбиге көмек көрсетудің орнына, оны таксиге салып жіберген дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Екі ай бойы сараптама жүргізген мамандар Шалқар ауданы ауруханасы басшылығының науқас балаға салғырт қарағанын анықтады. Ақтөбеге келер жолда шетінеп кеткен бөбектің ата-анасы кінәлілер жазаға тартылсын деп отыр.
«Ақтөбеге алып кетеміз, баланың жағдайы ауыр» деп, келіншегім екеуін таксиге отырғызады. Санавиация шақырып, пойыз болмай, баламды таксиге салып жібереді. Балама бір-ақ таблетка береді. Басқа еш көмек көрсетілмеді. Шалқардың бас дәрігері, Ембі қаласының бас дәрігері балама көмек көрсетпегені үшін жазасын тартсын!», – дейді Арман Жұбанышев.
Осыдан екі ай бұрын Бершігүр ауылында тұратын жеті айлық Ақберен есімді бөбектің ыстығы 39-ға дейін көтеріледі. Әлсіреген баланы Шалқар ауданының ауруханасына жеткізген. Бірақ ондағылар бір түйір дәрі беріп, одан өзге көмек көрсете алмайтынын айтқан.
Бұған дейін облыс орталығында жасалған отаның жарасы да ашылып, бала қансырай бастапты. Осыған қарамастан ауруханадағылар жас келіншекті сәбиімен таксиге отырғызып, шұрық-тесік жолмен «Ақтөбеге бар» деген. Есінен танған баламен жолай тек Ембі кентіндегі ауруханаға жетеді. Онда екі сағат бойы дәрігер табылмайды. Ақыры сол жерде шетінеп кеткен.
Тексеру жүргізген сарапшылар ауданның дәрігерлері «өрескел қателік жіберді» деп отыр. Баласынан айрылған ата-ана оларды «жазасыз қалдырмаймыз» деп бекінген. Ал денсаулық сақтау басқармасының басшылары аудандағы әріптестерінің салғырттығын мойындап отыр.