Қазақстанда тегін хабарландыру тарататын алғашқы ауылшаруашылық порталы құрылды.
Бұл туралы сайттың іске қосылуына арналған баспасөз конференциясында хабарланды.
Жаңа жоба ауылшаруашылығы тауарларын өндіруші мен оны сатушының бір-біріне тікелей шығуына мүмкіндік беру арқылы арадағы делдалдардың көзін жоюға бағытталмақ. Мұндайда тауардың бағасында қатты қымбаттау болмайды.
– Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанға жаңа технологиялар тарту, заманауи құрал-жабдықтар алып келу және соның есебінен барынша сапалы ауылшаруашылық өнімдерін алу. Одан бөлек біздің міндетіміз өнім ысырап болмай, делдалдарсыз тікелей жеткізілуі үшін өндіруші мен тұтынушы арасында тікелей байланысты жолға қою болып табылады, – деді «ҚазАгро-Вет-Снаб» ЖШС бас директоры және портал иелерінің бірі Сержан Тастанбеков.
Сайтты жасаушы Бейімбет Дәрібаевтың айтуынша, 2017 жылдан бастап портал үш тілде, сондай-ақ мобильдік қосымша арқылы қолжетімді болады. Қазірдің өзінде сайтта төрт бөлім бойынша хабарландыруларды тегін орналастыру мүмкіндігі бар: мал шаруашылығы, егіншілік, арнайы техника және логистика.
Жобаның жетекшісі Фархад Нәлібаев ауылшаруашылық өнімдері саудасын біртіндеп онлайн-режімге көшіруге мүмкіндік беретін, тәулік бойы жұмыс істейтін форумды іске қосу жөніндегі жоспарлары жайында айтып берді.
Оған қоса, 2017 жылдан бастап сайтта Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы компанияларының базасы құрылмақ.