Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық соты қоғамды дүрліктірген – зейнеткерді өлтіру әрекетіне қатысты іс бойынша үкім шығарды.
«Осы іске қатысты мәселенің мән-жайын анықтауда Атырау облысының Махамбет ауданында сотталушылар В.Канцев пен Х.Ерғалиев өткен жылы ішімдікке әбден тойған соң көрші үйде тұратын зейнеткерді тонамақ болғандығы анықталды. Қарт адам есікті ашқан кезде Канцев оны аяғынан шалып құлатып, басынан темір құбырдың бөлігімен бірнеше мәрте соққы жасаған. Ауыр соққыға шыдай алмаған зейнеткер оқиға орнында көз жұмды. Канцев болса, зейнеткердің үйінен құнды заттар мен ақша іздей бастаған. Ол қарт зейнеткердің үйінен кейінірек қажет болуы мүмкін деп сақтаған 100 мың теңгесін тауып алады. Істі тексеру кезінде сотталушылардың осы әрекетті жасағандары расталды»,-деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Соттың үкімімен В.Канцев қарақшылық шабуыл мен кісі өлтіру әрекеті бойынша кінәлі деп табылып, оған мүлкі тәркілене отырып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Х.Ерғалиев аса ауыр қылмыс туралы құзырлы органдарға хабарламағаны үшін кінәлі деп табылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі күшіне енді.