Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ганюшкино ауылындағы Шарон өзенінің тармағынан жалаңаяқ су кешіп өтіп жатқан адамдардың фотосуреті әлеуметтік желіде пайда болып, кеңінен талқыға түсті.
Бұрын олар өзеннің келесі бетіне ауыл ішіндегі Тухлое жаяу көпірі арқылы өтетін. Өткен жылы көпірдің күрделі жөндеу жұмысы басталғанда адамдар өзеннен ағаш тақтайдан өткел жасап өтіп еді. Енді ол қадеге жарамағасын белуардан су кешуіне тура келуде. Аналары мектепке бара жатқан балаларын суық судан өткізу үшін аяғын жалаңаштап, арқалап өткізуге мәжбүр екен.
– Ғаламтор желісінде жарияланған Тухлое жаяу көпірінің құрылысына 52 млн теңге бөлінді. Құрылысты мердігер «ЕрасылҚұрылысKZ» ЖШС жүргізуде. Осы айдың аяғына дейін көпір толық пайдаланылуға берілмек, – дейді Құрманғазы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан СҮНДЕТОВ.
– Негізі 200 метр жерде автокөлік көпірі тұр. Адамдардың неге сол жерден өтпейтінін түсінбей отырмыз.