Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Ата-аналар, балаңызды байқауға қатыстырыңыз!

221

Шара аясында байқау ұйымдастырушылары «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігі мен «Вакцинология» қоғамдық бірлестігі жобаның авторларын таныстырды. Атап айтқанда бұлар: Мұқан Қуатбаев – ертегі авторы, филолог, ҚР еңбек сіңірген ұстазы, Сүрия Есентаева – «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Эльвира Ибрагимова – Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы, Айнагүл Қуатбаева – «Вакцинология» қоғамдық бірлестігінің президенті, дәрігер-эпидемиолог және Марат Бекеев – суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.

«Ертегіні бірге салайық» атты балалар суретінің республикалық байқауы ертегілер желісімен салынған суреттердің үздігін іріктейді әрі 3-пен 8 жас аралығындағы балаларға ертегі әлемін өз қолымен өрнектеуге мүмкіндік береді. Халықтық дауыс беру және әділ қазылар шешімі бойынша суреті үздік деп танылған 15 жеңімпаз алдағы уақытта жарық көретін ертегі кітаптың бірлескен авторлары болады», – деді бұл ретте «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сүрия Есентаева.

«Ертегіні бірге салайық» байқауын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Вакцинология» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігі өткізіп отыр. Ертегілер және де байқауға қатысудың талап-шарттары www.konkurs.nmo.kz сайтында жарияланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушыларға арналып 5 тақырып ұсынылған. Атап айтсақ бұлар:
1) Жалмауыз кемпір мен оның жақтастары;
2) Вакцинаның өмірге келуі;
3) Жалмауыз кемпір жақын қалды;
4) Вакцина мен бактериялардың айқасқа түсуі;
5) Вакцинаның жеңіске жетуі.

Байқау 2017 жылдың 15-ші шілдесіне дейін созылады. 16 шілде мен 31 шілденің аралығында онлайн-дауыс беру жүргізіледі. Ал бірінші тамыздан бастап байқаудың әділ қазылары жұмысқа кірісіп, үздіктерді іріктейтін болады. 15 тамызда байқаудың нәтижесі жарияланады. Биылғы жылдың қазанында «Сену және өмір сүру» атты әлеуметтік-медициналық форумын өткізу жоспарланып отыр. Соның аясында Орта Азияда алғаш рет вакцинацияға арналған кітаптың тұсауы кесіледі. Сол сәтке дейін «Ержүрек Вакцина» атты ертегі кітаптың 5 мың данасын жарыққа шығару жоспарланып отыр. Кітап еліміздегі медициналық мекемелерге, мектептер мен балабақшаларға тегін таратылады.

Байқаудың мақсаты Қазақстан тұрғындарын түрлі инфекцияға қарсы вакциналарды пайдаланудағы белсенділігін арттыру.
«Вакцинация адам өмірін белгілі бір деңгейде ұзартты. Біз осы эстафетаны қабыл алдық. Аталған шаралардың арқасында әлемде қызылша, дифтерит, полиомиелит, шешек пен көкжөтел ауруларының көрсеткіші төмендеді. Көптеген ауру түрлері қазіргі күні жоғалып кетті, жас дәрігерлер олар туралы кітаптан оқып білгені болмаса, бетпе-бет кездеспеген. Бүгінгі таңда Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты. Біз қол жеткізген дүниемізден айырылып қалмағанымыз абзал», – деді осы орайда дәрігер-эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева.

Өз кезегінде Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Эльвира Ибрагимова ҚР тұрғындарын құлақтандыратын аталған жоба аясында Алматыда ғана емес, еліміздегі басқа да қалаларда бірқатар шаралар өтетінін тілге тиек етті. Жоба баспасөз бетінде және әлеуметтік желіде барынша насихатталатын болады.

Ал байқауға 3-пен 8 жас аралығындағы қатысушылардың таңдалып алынғаны тегін емес. Дәл осы жаста бала медицина мен денсаулық туралы іргетас боларлық білімді құлағына құяды. Ал осы жастағы балалардың ата-аналары инфекциялық аурулардың алдын-алу шаралары туралы тексерілген ақпаратқа мұхтаж.

Жиында сондай-ақ «Ержүрек Вакцина» ертегісінің авторы Мұқан Қуатбаевта сөз алды. Ол өзінің туған ауылында вакцина тапшы болғандықтан көз жұмған балалар туралы айтып берді. Мұқан ата- анасы өмірге әкелген 18 баланың ішіндегі тірі қалған 3 баланың бірі.

«Ел мұны ауру емес, зұлым күштердің әсері деп есептеген-тұғын. Соған байланысты түрлі ырымдар жасайтын. Менің ата-анам да бұған имандай сенді. Алайда менің өмірімді вакцина құтқарып қалды. Қазір менің 7 балам бар. Олардан 21 немере сүйіп отырмын. Осы ертегі арқылы басымнан өткен жағдаймен бөліскім келді. Осы себепті оны балалар мен олардың ата-анасына түсінікті қылуға тырыстым», – деді Мұқан ата.

Ал Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Марат Бекеев «Ертегіні бірге салайық» атты жоба авторларына алғысын айтты.
«Байқауды ұйымдастырушыларға мың алғыс. Шығармашылық пен медицинаны байланыстыра білді. Бала шығармашылығы шынайы, кіршіксіз таза болады. Ол баланың ішкі әлемін суреттеп тұрады. Ал суретші вакцинасы осы бір тазалық пен шынайылықты ұзақ уақытқа сақтайды. Өзінің суретшісін күтіп отырған ертегілер қаншама», – деді ол өз сөзінде.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз