Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамыту палатасы батыс өңірге ерекше ден қояды

800

Бұдан ұққанымыз, бүгінгі күні республикадағы жылқы саны қалыпты деңгейде екендігі. Егер салыстырмалы деректерге кезек берер болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда 1 миллион 700 мың жылқы болғанын көреміз. Әйтсе де екінші мыңжылдықтың табалдырығын аттаған кезде бұл сан 1 миллион басқа дейін құлдырап кеткен екен. Дегенмен, одан бергі уақытта жылқы саны қайтадан өз қалпына келе бастаған. Статистикалық мәліметтер бойынша, биылғы 2016 жылдың 1 қаңтарына 2 миллионға жуық, яғни 1 миллион 984 мың бас жылқы есептелген.

Дәл осы арадан оқырмандарға екінші сауалдың да жауабын қайтара кеткеніміз жөн. Біз оны сәті түскен кезінде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Сейілхан Рахмановқа қойғанбыз. Ол бізге еліміздегі қазіргі 2 миллион бас төңірегіндегі жылқының тек 8 пайызы ғана асыл тұқымдылар қатарына қосылатынын айтты. Бұдан шығатын түйін мен ой қорытындысы біреу ғана. Бұл республикада өсірілген жылқы саны қанағат тұтуға тұратындай мөлшерде болғанымен, текті түлікті асылдандыру ісі көңіл көншітерліктей еместігі. Ендеше, оны оң жолға қалайша қоя аламыз?

Өткен 2015 жылдың қаңтар айында «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заң қабылданған. Осы заңда көрсетілген баптар мен талаптарға сәйкес қазіргі күнге дейін қызметтерін атқарып келген ел өңірлеріндегі асыл тұқымды мал шаруашылығы мен зауыттары таратылмақ. Бұл тәртіптің асыл тұқымды жылқы шаруашылығына да тікелей қатысы бар. Осындай өзгерістер енгізілген заң арада алты ай өткен соң, яғни 2016 жылдың 2 маусымында күшіне енген. Сөйтіп, заңда көрсетілген өзгерістерге сәйкес асыл тұқымды ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы шаруашылығын дамыту үшін Республикалық палата құрылды.

Бұл коммерциялық емес құрылым асыл тұқымды жылқы өсіру ісін ғылыми-селекциялық негізде жолға қойып, дәстүрлі салада қызмет етушілердің мүдделері мен мұң-мұқтаждарын қорғамақ. Өз кезегінде асыл тұқымды жылқыға мәртебені осы палата бермек. Өнімділік бағыттағы асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту жөніндегі республикалық палатаның бас кеңсесі Ақтөбе қаласында ашылды. Палата Әділет министрлігінде тіркеуден өткізілген. Республикалық палата кеңесінің төрағасы болып ғалым-селекционер, асыл тұқымды мұғалжар және көшім жылқыларының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серікбай Ырзабаев сайланды.

Ол газет тілшісінің қойған сауалына орай республикалық палатаның кейбір ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан көңілге түйген кейбір жайттар төмендегідей. Осы кезге дейін республика өңірлеріндегі асыл тұқымды көшім, адай, мұғалжар және жабы жылқыларының өнімділігін одан әрі көтеру жөнінде бірізділік болған жоқ. Бұлар бір орталықта тіркелмеді. Соның салдарынан еліміздегі асыл тұқымды жылқылардың дәл әрі нақты есебін жүргізу еш мүмкін болмады. Жоғарыда аталған асыл тұқымды жылқы түрлері негізінен республикамыздың батыс өңірлері – Ақтөбе мен Оралда және Маңғыстауда шоғырланып келді. Сонымен бірге, найман, башқұрт және жабы секілді жылқы тұқымдары еліміздің өзге өңірлерінде өсірілді.

Республикалық палатаның бас­ты міндеті олардың әрқайсысының ерекшелігіне сай ғылыми-селекциялық жұмыстарды орталықтандыру болып отыр. Бұл үшін палата кеңесінің құрамына еліміздің әр өңіріндегі Игорь Нечаев, Кеңесхан Дүйсенбаев, Сейілхан Рахманов, Марат Омаров, Алтай Зейнуллин, Төлеген Асанбаев, Күзенбай Ерғалиев, Өтесін Өтепбергенов және Әлібек Базарғалиев секілді ғылыми және тәжірибелік еңбектерін асыл тұқымды жылқы өсіруге бағыттаған белгілі ғалымдар мен жылқы өсіру ісінің майталмандары енгізілді. Сонымен бірге, осы арада палата кеңесінің тағы бір мүшесі Алматы облысында асыл тұқымды жылқы өсіруді қолға алған еліміздің мақтан тұтар ұлдарының бірі, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров екенін де айта кеткен жөн.

Елдің әр өңіріндегі асыл тұқымды жылқы өсіру ісіне айрықша әрі дербес көзқарас жасалмаса, республикалық палатаның қызметі де толыққанды бола алмас еді. Мәселенің осы жағы да ескерілгені тағы бір мерей. Бұл істің де басты негізі жоғарыда айтылғандай, ғылыми сипаттамалар мен тұжырымдар деуге болады. Айталық, Павлодар облысында жабы тұқымдас жылқының жай-күйін одан әрі жақсарту үшін ғылыми-тәжірибелік тұрғыдағы жаңа желі пайдалануға берілген. Батыс Қазақстан мен Алматы облыстарында да бұл істі одан әрі жетілдірудің тиімді жолдары қарастырылған.

Сондай-ақ, республикалық палата бір кезде Ресейдің Волгоград губерниясынан Қытайдың батыс бөлігіне дейін кеңінен танымал болған қазақ жылқысының да мәртебесін қайта көтеруді көздеп отыр. Мұның сыртында асыл тұқымды мал ретінде әлі күнге дейін өзіне лайықты айрықша мәртебесін иелене алмай келе жатқан адай жылқысының бағын ашуды да республикалық палата төл міндеттерінің бірі деп санайды. Бұл үшін Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлескен жұмыстар қолға алыныпты. Әйтсе де қаржыландыру көздерінің тапшылығы бұл іске әжептәуір қолбайлау туғызып жүргені байқалады.

Республикалық палата кеңесінің төрағасы Серікбай Ырзабаевтың айтуы бойынша, оның атқаратын басты қызметтерінің бірі асыл тұқымды малды бір орталықтан елдің барлық өңірлеріне тарату. Жылқылардың саны мен сапалық құрамы арасындағы айырмашылықты азайту. Бұл мәселелер қаражатсыз толық шешімін таба алмайды. Сондықтан, жаңа құрылымға Үкімет тарапынан қаржылай қолдау жасалса, бұл ең біріншіден ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде жүргізуге септігін тигізбек. Алайда, мұндай тұтқа әзірге пайда бола қоймаған. Біздің міндетіміз – еліміздегі жылқы өсірушілердің алдында тұрған күрмеуі қиын мәселелерді билік өкілдеріне жеткізу. Бұл коммерциялық емес ұйым болғандықтан, бұдан ешкім де жеке пайда табу мақсатын көздемейді. Тіпті, палата мүшелерінен жиналатын мүшелік жарнаның өзі аппаратты ұстауға жұмсалады. Алдағы уақытта қайткенде де қаржы көздерін іздестіріп, палатаның электронды базасы мен веб-сайтын жасақтауды ұйғарып отырмыз. Бұл сала мамандарының әрбір анықтама алу үшін Ақтөбеге аттануын тоқтатар еді деді ол бұдан әрі.

Палатаға тән тағы бір ерекшелік төмендегідей. Егер бұрын асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін иелену үшін кем дегенде 120 бие болуы міндетті деп саналатын. Сонымен бірге, кем дегенде оның 30 пайызы элиталық болуы шарт еді. Заңға енгізілген өзгерістерде бұл шектеулер алынып тасталған. Мұндай жағдай, әсіресе, ұсақ шаруа қожалықтары үшін тиімді әрі ыңғайлы екені байқалады. Өйткені, мұндай жағдайда асыл тұқымды жылқының санын нақты түрде анықтауға мүмкіндік туады. Әрі оның саны тез өсуіне де мұндай көзқарастың оң әсері бар.

Сөз соңында елдің он өңірі­нің ғалымдары мен жылқы өсіру­ші­лерінің басын қосқан респуб­ликалық палатаның бас кеңсесі Астана мен Алматының бірінде емес, нақ осы Ақтөбеде орналасуы­ның түп-төркіні неде деген сауал­ды да аяқсыз қалдырғымыз келмей­ді. Мұның жауабы нақты әрі өте қарапайым. Айталық, Ақтөбе об­лысындағы «Жансая» шаруа қожа­лығының басшысы, республикалық палата кеңесінің мүшесі Әлібек Базарғалиевтің айтуынша, мұнда көлік-логистикалық қызмет түрі жақсы жолға қойылған. Бұл қарым-қатынасқа өте ыңғайлы.

Мысалы, тек өткен жылы Ақтөбе өңірінен 300 бастан астам асыл тұқымды аталық мал сатылған. Оның 72 пайызы республиканың өзге өңірлерінің үлесіне тиеді. Осы арада етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды жылқы аталығының 80-85 пайызы тек бір ғана Ақтөбе өңіріне тиесілі екені де статистикалық деректерден айқын көрінеді. Нақтырақ айтқанда, палата кеңсесі Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе бекетіне орналастырылған. Мәселенің осылайша шешілуінің тағы бір мәнісі мұнда жылқы шаруашылығы бөлімі бар екен. Бұл шешімді республиканың жылқы өсірушілері мен палата мүшелері бірауыздан қолдаған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жаңадан қаз басып, қалып­тасып жатқан республикалық палата елімізде асыл тұқымды жылқы шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді деп сенгіміз келеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз