Астана қаласы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы елорда тұрғындарына жұқпалы инфекциялар бойынша шағымның ұлғайып бара жатқанын ескертеді.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел жәрдем шақыру саны тәулігіне 2000-нан 3500-ге дейін өскен. Қалалық станцияның барлық 84 бригадасы және емхана мамандарынан құрылған 17 бригада жұмысқа тартылды. Биылғы жылдың 15-желтоқсанынан бастап, балалар стационарының қабылдау бөлімдерінде емхана педиатрларының қабылдау саны артты.
«Басқарма қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды және төмендегі алдын алу шараларын еске салады: 1. ӨРЖИ/тұмаудың алғашқы белгілері пайда болса, дәрігерге жүгініп, вирусқа қарсы препараттар тағайындау. 2. Температура 38 градустан жоғарыласа, құрамында парацетамол, ибупрофен бар қызу түсіретін препараттар қабылдау. 3. Жылы сусындарды көбірек ішу. 4. Науқас жатқан бөлмені жиі желдетіп, ылғал шүберекпен сүртіп тұру. 5. Науқастар мен оларды күтушілердің қолды жиі жуып, антисептиктер қолдануы. 6. Бір реттік бетперде кию және әр 4 сағат сайын ауыстырып тұру. 7. Өзгелерге инфекция жұқтырмау үшін науқастарға қоғамдық орындарға, жұмысқа, сабаққа баруға тыйым салу. 8. Өздігінен емдеумен айналыспау керек», – делінген хабарламада.