Астанадағы Министрліктер үйінің маңында күдікті сөмке табылғандықтан көлік қозғалысы шектелді.
Бұл туралы Bag.kz хабарлады.
«Полиция қызметкерлері өз аумағында жұмыс істеп жүрген. Олар жерде жатқан сөмкені көріп қалады да, сағат 9.40-та Шұғыл басқару орталығына қоңырау шалады. Шақырту орнына ІІД мамандары шығып, сөмкені тексерді және қауіпті ешнәрсе таппады. Сағат 10.15-те аумақтағы қозғалыс қайта қалпына келтірілді. Сөмке Мәңгілік ел және Достық көшелерінің қиылысында табылды. Полиция мәліметтеріне сәйкес, сөмкеде біреудің жеке заттары мен құжаттары болған», – деп мәлімдеді ІІД өкілі Софья Қылышбекова.