Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
6
USD
427
+1.34
EUR
497
-1.07
RUB
5.53
-0.03

Астанада 5-ші сынып оқушысы тоққа түсіп, қолынан айырылды

Жаға ұстатар жайт 57-ші мектептің алдындағы ескі зауытта болған. Кезінде темір қақпа, қоршаулар мен өзге де заттарды шығарған кәсіпорын қазір қараусыз жатыр. Бірақ, ашық-шашық жатқанымен, ғимаратта әлі тоқ бар. Тіпті, трансформатор орналасқан. 10 жастағы Данил сабақтан кейін осы кабелдердің бірін абайсызда ұстап, тоққа түскен.

“Тоқ ұлымның қолынан кіріп аяғынан шыққан. Шамамен мың вольт болған екен. Кейін адамдар бірден көмекке келіп, Данилды ауруханаға жеткіздік. Оның аман қалғанына дәрігерлер де таң қалып отыр”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Любовь Лагай.

Бір тәулік жансақтау бөлімінде жатқан Данил енді есін жиды. Бірақ, тоқтың қатты соққысынан аман қалғанымен, сол қолын білек тұсынан кесіп тастауға тура келген.

“Қан жүрмеген соң, алақан жағы өлген соң кесіп тастауға тура келді. Бүгінгі таңда жағдайы жаман емес. Оң аяғындағы жаралары жазылып қалды. Ауыруына байланысты керек емнің бәрін алып жатыр”, – деді № 2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Ұлыбек Асылбеков.

Ал, Данил тоққа түскен жер жекеменшік серіктестікке қарайды. Енді анасы электр сымдарын қалай болса солай қалдырып, айналасын қоршамаған фирмамен соттаспақшы. Оның үстіне мұнда жиі келіп ойнауды әдетке айналдырған өзге оқушыларға да қауіп төніп тұр. Өйткені, ғимаратқа бір емес, екі бірдей мектеп тым жақын орналасқан.

Оқыс жағдайдан кейін осы жерге жауаптылар трансформаторға апаратын жолды мынадай үйіндімен жауып тастаған екен. Бірақ, бұл ойын баласы үшін кедергі емес. Кез-келгені үстімен оп-оңай өте алады. Сондықтан қызық қуып келген ұл-қыздардың кез-келгені Данил секілді тоққа түсуі ғажап емес. Оның үстіне тоқ әлі ажыратылмаған.

Қазір полиция тоққа түсу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Қараусыз нысанның кімге тиесілі екенін де анықтап жатыр. Ал, боксшы болуды армандаған Данил Лагай болса, әлі біраз уақыт ем алуы керек. Әрі онымен психологтар жұмыс істеуі тиіс.

Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Шымкентте де болған еді. Орталық алаңға анасымен бірге серуенге шыққан 3 жасар бүлдіршін тоққа түсіп, ауруханаға түскен.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз