Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Астана оңбай ұтылды. Кім кінәлі?” — Амангелді Сейітхан

Бұл пікірмен белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан келіспейді екен. Оның ойынша, жағдай былай:

“Осы ойында қара жұмысқа жегілген ойыншының бірі – Иван. Маевский мықты ғой. Аничич жарақат алған шақта орталық қорғаушының міндетін атқарды. Әрі сауатты ойнады. Егер ол олқылық танытса есеп мүлде басқаша болар еді… Эрич қақпасы голға толатыны анық. Сонда кінәлі кім?

Біріншіден, «Астана» маусымға ерте дайындалды.

Әлгі Еуропа лигасының кездесуін өткізу үшін. «Спортингке» қарсы. Сол кезде бірнеше рет сұрадық та, Станимир Стойловтан. «Кейін қалай болады?», – деп. Белгілі ғой, ерте бабына келген команда жазда титықтап қалады. «Кезінде көреміз», – деді БОСС. Кезі кеше келді.

Екіншіден, ауыс-түйіс деген бар. Трансфер. Кім кетті, кім келді?

Патрик Твумаси жоқ. Ол кетті дегенше, команданың бір бүйірі тесілді деп топшылаңыз. Допты жетекке алатын да өзі, қарсыластарынан айласын асырып, топыр-топыр өтетін де өзі. Пас беретін де, гол соғатын да. Мұндай футболшыдан айырылу мұң. Оның орнын басатын ешкім жоқ, қазір. Жалпы, соңғы ауыс-түйістерден түйгеніміз, Антонио Рукавинадан басқасы әншейін ойыншылар. Кәтепті қара нарға ұқсамайды. Ричард Алмейдадан не күтуге болады? Педро Энрике мен Рангело Янга да «Астананы» ұшпаққа шығаратын жігіттер емес. Екеуінен Роман Мұртазаев әлдеқайда әлді. Рас, Станимир кезіндегі бабына енсе. Демек, селекциямыз солғын әрі солқылдақ болды. Бұлардан Каньяс қайырлы еді..

Үшіншіден, Ласло Кляйнхайслер қорғаныстан шабуылға бейімделді. Себебі, Ласлодан басқа іліп алар ойыншың жоқ, орта тұстан жасындай жарқылдайтын.

Серікжан Мужиковтың да жігері мүжіле бастаған секілді. Әлде оның да қайрағы жоқ болар, Григорчук Стоилов емес. Марин Томасов та шау тартты. Мосының үш бұты секілденген жігіттердің ойыны сетінеп барады. Тағы да сол қара күштің сарқылғаны деп түсінеміз. Қыс көзі қыраудан доп теуіп келеді, оңай дейсіз бе. Болдырады ғой.

  • Осы үш себеп, команданың құлдырауына «қызмет» еткен. Енді құрдымға кетпеудің қамын ойлау керек. Ол үшін Роман бапкер ақылына жүгінсін.

Бізше ойланса, Загребке Ласло Кляйнхайслер, Серікжан Мужиков, Марин Томасов, Марин Аничич секілді жігіттерді апаруға болмайды. Онсыз да титықтап тұрған жігіттер мүлдем сілелейді. Дмитрий Шомко мен Антонио Рукавинаны да реті келсе қосалқы құрамда ұстау керек. Сәл де болса тынықсын. Рукавинаңыз талайдан демалған жоқ әлі. Шығарсын, көзірге балаған ойыншыларын. Педро Энирке дейсіз бе, Рангело Янга шығар бәлкім… Джуниор Кабананга да дайын тұр. Осы ойыншының неге қайта келгенін де түсінбедік. Ұлттық біріншілік болмаса, құрлықтық додаға қисынсыз ойыншы ғой. Әдемі құтылып еді…”, деп жазыпты танымал журналист өзінің желідегі парақшасында.
https://kaz.365info.kz/khandaj-symbatty-amangeldi-sejithan-armiyadagy-suretin-korsetti-303727

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз