Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

«Astana Hub» – қазақстандық үздік жобаларды шетелдік нарыққа жеткізетін бірегей алаң

Бұл арада кейінге шегініс жасап, Smart Zholy бағдарламасына қысқаша тоқтала кетелік. ҚР Тұңғыш Президент қоры бұл бағдарламаны елімізде халықаралық деңгейдегі айтулы оқиға – ЕХРО-2017 көрмесі өтіп жатқан кезде іске қосты. Ол бастапқыда қаламыздың төрт қаласында: Астана, Алматы, Павлодар және Қарағандыда қолға алынды. Ал бүгіндері ол бүкіл республикалық сипатқа ие боп отыр. Яғни, әр облыс орталығы болатын қаладан белгілі бір жоғары оқу орыны таңдалып алынып, онда экожүйені дамытуға арналған жобалар туралы тұрақты түрде дәрістер мен тренингтер жүргізілуде. Осының өзі Қазақстанның жасыл экономика бағытында дамуға мақсатты түрде аяқ басып, алға жылжып келе жатқанының айқын көрінісі бола алады.

– «Смарт жолы» – Қазақстандағы қайталанбас бірегей жоба. Оның мақсаты – жас өнертапқыштардың жобасын халықаралық нарыққа шығарып беру, – дейді осы бағдарламаның жобалаушы директоры   Рашид Дүйсембаев.

Енді Сингапурда мықты деп бағаланған жастардың жобасы жайына қайта оралсақ.

Фарангиза Шұқашева, «Neupusti.net» компаниясының даму жөніндегі директоры:

– Біздің жобаларға қызыққан көптеген шетелдіктер таң-тамаша болды. Жастардың өнертабысы мұнда қалай келіп қалғаны қызықтырды оларды. Содан біз елімізде Smart Zholy бағдарламасы барын, талантты студенттердің өнертабысын іріктейтінін, оған ҚР Тұңғыш Президент қоры қолдау көрсететінін айттық. Шетелдіктердің көбісі бұл бағдарламаға қызығып, Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асырғысы келетіндерін айтты.

– Smart Zholy – бірегей алаң. Ол қазақстандық стартаптарды жаһандық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Сол арқылы отандық жобаларды халықаралық корпорациялармен байланыстыра аламыз. Көрмеде қазақстандықтар дербес Wi-Fi роутермен, дронмен басқарылатын онлайн-ойындармен, автобөлшектердің мобильді нарығымен және айыппұл төлеуге арналған онлайн сервиспен таң қалдарды, – дейді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры жобалық кеңесінің жетекшісі Зәуре Түрікменбаев.

Сингапурда үздік ондыққа енген Webtotem стартапына кеңінен тоқтала кетелік. Ол бизнеске арналған ең мықты өнім деген аталымда үздік деп танылды.

Бұл су жаңа жоба арқылы веб-ресустарға мониторинг жасап, ғаламтор кеңестігін қауіп-қатерден қорғауға болады. Осы стартапты таныстырған ЦАРКА компаниясы кибершабуылдарды сараптап, оны жоюмен, компьютерлік қылмысты әшкерелеп, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінде шұғыл әрекет етеді. WebTotem бұл – SaaS ( software as a service – талап ету арқылы бағдарламамен қамтамасыз ету) қарапайым және өте қолайлы тәсіл арқылы сіздің сайтыңызды мониторингтеп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мықты құралдарды ұсынады. Ол қауіп туған кезде ескерту жасайтын барлық мүмкіндікті пайдаланады.

– Сингапур киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі. Бұл – олардың негізі мақсат-міндеттерінің бірі. Біздің өнімдерімізге қызығушылығы зор. Себебі, қазақстандық стартап жоба авторлары Орталық Азияда үздіктердің қатарында, – дейді Webtotem стартапының директоры Олжас Сатиев.

Айта кетейік, қазақстандық стартап жоба жетекшілері Оңтүстік-Шығыс Азияның 20 венчурлық қорына да өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды. Көрме қорытындысында сингапурлық Saturday Kids компаниясы қазақстандық Intellection стартапына қаржы құюға мүдделі екенін жеткізді. Келісімшартқа келер аптада қол қойылады деп күтіліп отыр.

Жалпы, ІТ, киберсалада қазақстандық жастар үздіктер қатарында. Бұл кездейсоқтық емес. Қазақстандық физика мен математика бойынша оқушылар халықаралық олимпиадаларда көп шетелді шаң қаптырып жүргенін білерсіздер. Иә, Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің түлектері қазірдің өзінде мұхит асып, НАСА сынды өте құпия жерлерде жұмыс істеуде. Бұл мектеп таланттарды тудыруда бір дамыл тапқан емес.

Сондай жастың бірі – Назерке Қалидолла.

Иә, жігіт емес, қыз бала. Ол 2012 жылы бағдарламалау бойынша өткен Еуразиялық олимпиададаның жеңімпазы, осы бағыттағы Бүкілресейлік олимпиадада қола медаль алған алматылық қыз. Бүгіндері ол Назарбаев университетінде Computer Science мамандығы бойынша 4-курста оқиды. Шетелге жиі шақырту алып жүрген жастың бірі. Атақты компания Google-дің өзі оған қызығып отыр. 2016 жылы Лондонда осы компания өткізген сынаққа қатысып көзге түскен. hackerrank.com деген онлайн олимпиадаға қатысып, Booking.com оны Амстердамға шақырған. Өткен жылы Сингапурда да робототехника саласындағы  IEEE International Conference on Robotics and Automation атты халықаралық конференцияға қатысып, өзінің жобасы – субаудармашы роботын таныстырған.Одан да бөлек көп жерлерде төбе көрсеткен қыз өзінің ерекше жобасы субаудармашы роботын жетілдірумен айналысып келеді екен.

– Субаудармашы робот жұмысын институтта үйге берілген тапсырманы орындау кезінде жасаған едім. Тапсырмамды өткізіп, бес алдым. Бірақ осы нәрсе менің миымнан шықпай қойды. Ақыры мылқаулардың барлық адамдар қатарлы өмір сүруі жайын ойлана бастадым. Оларға, шынымен де өте қиын. Мұны мен ауруханаға мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барғанда анық аңғардым. Менің роботымды осындай жерлерге орналастырса, оларға еш қиын болмайды. Әр жағдайды зерттеген сайын менің жұмысым да күрделене түсті. қазір бұл жобамен жалғыз шұғылданып жатырмын. Басында Германиядағы бір профессормен әріптесе жұмыс жасағанмын, ым-ишарат белгілеріне кастом аогоритмін енгіздік ол кісімен, ал қазір өзім open source deep learning libraries-ті енгізіп жатырмын. Роботымды ЦОН-да жұмыс істейтіндей қылмақпын ғой бір сөзбен айтқанда. Менің роботым – гуманоид. Қасымдағылар үшін ол NAO Robot, ал мен арасында оны Cutie деп атаймын, өйткені өзі бір сүйкімді.

Жалпы, мен код салғанды жақсы көрем. Мен кішкентай, яғни мектеп жасынан бағдарламалауды игергем, ұзақ уақыт мұнымен айналысып келем. Мені ІТ салаға алып келген де осы олимпиадалар ғой. Сынаққа түскенді жақсы көрем. Бір орнымда тұралап қалатын адам емеспін. Сондықтан әлі де тың дүниелер туғызатынына сенімдімін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз