Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
13
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Әшімбаев президент Атамбаевтың сөзі туралы: сыртқы саяси күштердің ықпалы жоқ

“Атамбаевтың бұл сөзін сайлаудың логикасынан туындаған бір күндік мәлімдеме деп түсінеміз. Біздің мемлекеттерімізің арасындағы нақты қарым-қатынасты көрсетпейді деп қабылдау қажет. Сабырлық сақтау керек”, — деді бүгін депутат БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазақ пен қырғыз бауырлас халықтар, екі ел арасындағы қарым-қатынас уақыт тезінен өтті.

“Екі мемлекет арасында стратегиялық байланыс орнаған, оны іске асыру үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қарым-қатынасымыздың үлкен тарихы, болашағы бар, әрі қарай да екі ел арасындағы ынтымақтастық дами беретініне сенімдіміз”, — дейді Әшімбаев.

Депутат Қазақстанның көрші елге көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.

“Соңғы жылдары Қазақстанның Қырғызстанға көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Нақты айтатын болсақ, бүгінгі күні Қазақстан Қырғызстанға 100 миллион доллар көлемінде көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде ақшалай, тауар түрінде, басқа да жолдармен жәрдем жасалуда. Бұған дейін де Қырғызстанда әр түрлі жағдайлар болған кезде біздің мемлекет үлкен көмек көрсеткен”, — деді депутат.

Әшімбаев Атамбаевтың мұндай мәлімдеме жасауына сыртқы саяси күштердің ықпалы жоқ деп есептейтінін айтты.

“Бұған сыртқы саяси күштердің әсері жоқ шығар деп ойлаймын. Сайлаудың буымен артық айтылған әңгіме деп түсіну керек”, — деді ол.

Айтуынша, Қырғызстан президентінің айтқан сөзінің көбі шындыққа сәйкес келмейді.

“Қазақстандағы жағдайға берген өзінің бағасы шындыққа сәйкес келмейді”, — деген депутат көрші елдер арасындағы ынтымақтастықтың әрі қарай дами беретініне сенім білдірді.

Еске сала кетсек, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанның басшылығын 15 қазанда өтетін елдегі президент сайлауы барысына килігіп отыр деп айыптаған болатын.

Өз кезегінде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Атамбаевтың бұл сөзіне наразылық білдіріп, мұндай арандатушылық мәлімдемелер екі елдің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен бауырластық қатынасқа өз кесірін тигізбейтініне сенім білдірді.

Дереккөз: sputniknews.kz

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз