Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
1
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

Асарлатқан „Тәуелсіз Қазақстан„ пойызы Арқалыққа жетті

Тәуелсіздігімізді айтқанда ешкім «тарихтың қойып кеткен арбасындай» Торғайды айналып өтпейді. Мұнда халқымыздың азаттығы үшін аталардың қаны төгілді деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Нәзира Жәрімбетова.

Торғай өңіріне «Тәуелсіздік пойызы» жеткен күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған жұ­мыс тобы Кейкі батырдың бас сүйегін жер қойнына тапсыратын орынды белгілеп қайтты. Қазақ даласына білім дәнін шашқан кемең­гер ағартушы Ыбырай Алтынс­арин алғашқы мектебін Торғай да­ласынан ашты. Ұлы Дала қазақ­тың рухани теңізіне арналы өзен­дердей болып құйылатын зиялы та­рихымыздың, ән-жырымыздың, шешендік өнеріміздің кеніндей көрінеді. Тарих демекші, соңғы жылдары, қостанайлық археологтар Торғай даласынан ежелгі тарих іздерін де байқап жүретін, мәдениет ашуды армандайтын. Сол болжам бекер емес екен, кейінгі 3-4 жылда Торғай геоглифтері туралы қызық мәліметтер Жер шарын шарлап кетті, ол әлем ғалымдарын таңғалдырып отыр.

«Тәуелсіздік пойызы» Арқа­лық­қа келгенде қарашада ерте түс­кен қыстың бет шымшыған аязы күшіне мініп тұр еді. Бірақ бұл тұрғындарға өздері күткен пойызды көруге кедергі бола алмады. Қала әкімі Амантай Балғарин қонақтарды Арқалық өңіріне ке­луі­мен құттықтады.

Нарықтың қандай сынына да төтеп беріп келе жатқан Арқалық қаласы мемлекеттік бағ­дар­ламалар арқасында бауырын жазып, нығайып келе жатқанын айтты әкім. «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісінің төселуі айдалада ақ отаудай болып тұрған қаланы тұйықтан шығарды, қазір одан артылған жүк еліміздің қай шал­ғайына да жетеді. Бүгінде Арқалықтан жолаушылар пойызы жүре бастады, мұның өзі осы айналадағы 19 елді-мекен тұр­ғындарының жүріп-тұруын же­ңіл­детті. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб бастығы Әміржан Әлпейісов Арқалық жұртын келе жатқан Тәуелсіздік тойымен құт­тықтап, осы акция аясында ат­қа­­­рылар міндеттер мен мақсаттың
ма­ңыздылығын айтты.

Арқалық қаласы тұрғын­да­ры­ның күнделікті тірлікте өздерін ма­залаған мәселелермен күндік жер жүретін қашықта жатқан Аста­наға да, облыс орталығына да бара беруі оңай емес. Сондықтан республикалық акциямен жолға шыққан пойыздың қызметі ел­дегі ағайынға мыңнан тигені арқа­лықтықтардың ұмтылысынан да көрініп тұрды. Пойыздың штаб бастығы Әміржан Әлпейісовтің жетекшілігімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қоғам­дық қабылдау өткізді. Оларға арқа­лықтықтар 13 сұрақ қойып, қана­ғаттанарлық жауаптар алды. Соңғы жылдары Арқалық қаласы мен оның төңірегінде шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Жұрттың бұл іске талабы да жоғары. Пойыздағы мамандардан көңіліндегі көп сауалға жауап алу үшін қырық шақты кәсіпкер жиналыпты.

– Жиналғандар негізінен ауыл шаруашылығында қызмет ететіндер екен. Олар өте маңызды мәселелерді қозғады. Мысалы, несиесіз, субсидия­сыз ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту қиын. Облыс орталығынан 600 шақырымдай қа­шы­қта жатқан Арқалық қаласы кәсіпкерлері несие алғанда екінші дәрежелі банктерге кепілдікке ұсынатын жылжымайтын мүлік мә­селесінен қиналатынын айтты. Банктер Арқалықтағы жылжымайтын мүлікті алғысы келмейді. Соның мәселесімен кәсіпкерлердің құжатын қабылдау мерзімін де ұзаққа созады. Біз кәсіпкерлерге алдағы уақытта барлық банктерге кепілдікке алынатын мүлік жөнінде бірыңғай талап мәселесінің қаралатынын жеткіздік. Кездесуде диқандар тек сұрақ берген жоқ, «Қазагроқаржы» акционерлік қо­ға­мы арқылы алып отырған мем­лекеттік көмекке алғыс сезім­де­рін де білдірді, – дейді пойыз штабы­ның мүшесі Арнұр Дәрібаев.

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қай стансаға тоқтаса да дәрігерлер ты­ным таппай жұмыс істейді. Арқа­лық қаласындағы өңірлік ауру­хананың емханасында да дәрігерге көрінуге келген адамның қарасы өте көп болды.

– Осында келгелі таңертеңнен жұмысқа кіріскен дәрігерлер тыным көрген жоқ. Әсіресе, офтальмолог, кардиолог, балалар пульманологы, балалар кардиологы, невропатолог мамандарға көп салмақ түсіп жатыр. Арқалық төңірегінде көз ауруларынан, жүрек ауруынан зардап шегетіндердің қатары көп секілді. 20 дәрігердің барлығының да алды құр емес, адам көп. Пойыз жүріп өткен әр өңірдің ерекшелігі әртүрлі. Арқалықта дәрігерлерге келген адамның көп болуы емханалардың тар көлемдегі мамандармен жабдықталуының осалдығын да көрсетеді, – дейді пойыздағы медициналық қызметті үйлестіруші Серікжан Сабыралы.

Кезекте тұрған кісілердің бірі пойыздағы дәрігерлердің бір күнге емес, үш күнге келгенін қалай­тын­ды­ғын да айтып қалды.

– «Тәуелсіз Қазақстан» пой­ызы­ның қаламызға келгеніне қуандық, жақсы бастама екенін­де дау жоқ. Бірақ дәрігерге қарала­тын­дар үшін уақыт тым аз екенін де жасырғым келмейді, – дейді өзі­нің атын жазбауымызды өтінген арқа­лықтық әйел.

Дегенмен, пойыз­дағы дәрігерлер барлығы­на үл­герді, кетерге дейін 451 адамды қабылдап, оларға кеңестер бер­ді. Оның ішінде 104 баланы қа­рады. 41 науқасқа еліміздегі ор­та­­лық клиникаларға көрінуге кеңес және жолдама берілді. Олар­дың арасында да 19 бала бар. Арқалық қаласы төңірегі­нің 550 тұрғыны пойызбен келген ма­­­ман­дардан әлеуметтік қорғау, зей­­нетақы төлеу, тұтынушылар құқын қорғау, заңнамалар туралы сұрақтарына жауаптар алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның депутаттық тобы, Қоғамдық ке­­лісім кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының мүшелері қа­­­­ла­лықтарды қабылдады. «25 қай­ырымды іс» акциясы аясында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызына қатысушылар Балалар үйіне жұм­сақ жиһаз және сыйлықтар тарту етті.

Түстен кейін қалалық әкімдікте «Тәуелсіздік тарихы – ұлт рухы­ның өлшемі» атты лекцияның тұ­сау­­кесері өтті. Онда Тәуелсіздік әкел­ген жаңғыртулар жөнінде ке­ле­лі әңгіме өрбіді. Болгар этно­мә­дени бірлестігінің жетекшісі Ольга Андриевскаяның, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Әскер Пириевтің сөзі ынтымаққа, бірлікке үндеуімен жи­налғандардың жүрегіне жол тапты. Кешке арқалықтық өнерпаздар концерт қойды. Онда Мәң­гілік Ел рухы аспандап, Тәуелсіздік тойының лебі ескендей болды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз