Еліміз бойынша Маңғыстау мен Атырау облыстарының тұрғындарынан шағым көп түседі. Біз осы шағымдар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Шағым ең көп түсетін екі өңір бар. Олар – Маңғыстау және Атырау облыстары. Менің байқағаным, осы өңірлерде арызданушылар көп. Шағымның басым бөлігі шекара мәселесіне байланысты. Кейбір тұрғындар азаматтық істерге, енді біреулері несиеге қатысты шағымданады. Алданып қалған азаматтар ішкі істер органдарына хабарласады. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Оны тергеу оңай емес. Елімізде алаяқтық фактілері жиі тіркелуде. Оның ішіне батыс өңірі де кіреді. Сондықтан сіздердің назарларыңызды осы облыстарға аударып отырмын», – деді ол.
Марат Қоғамов елімізде тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетіне қатысты арыз-шағым азаймай тұрғанын айтып, осы мәселе бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Халықтан көптеген арыз-шағым түсіп жатыр. Өткен жылы БАҚ беттерінде 350-ден астам сыни материал жарияланған. Ал биыл олардың саны 200-ден асты. Былтыр тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетіне қатысты 92 сыни материалдың шынайылығы анықталса, осы жылы 50 сыни материал расталды. Қазіргі таңда ҚР ІІМ баспасөз қызметімен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Екіншіден, біз Ішкі істер департаменттерінің басшыларымен де жұмыс жүргізудеміз. Үшіншіден, біз шағымданған азаматтарды қабылдаймыз. Арнайы отырыс өткізіп, оған мемлекеттік мекемелердің басшыларын, министрлерді шақырамыз. Бізде мемлекеттік органдармен уағдаластық бар. Олар тоқсан сайын шағымдардың тізімін жасайды», – деді кеңес төрағасы.