Семейде сүйіктісін көлікпен таптап өлтірді деген ер адамның ісіне қатысты сот үкім шықты. Судья оны айыпты деп тауып, 9 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ марқұмның отбасына 10 миллион теңге материалдық шығын төлеуді міндеттеді.
Оқиға былтыр 15-ші желтоқсанда болған. Жігіт сүйіктісімен кездесу кезінде екеуінің арасында кикілжің басталған. Күдікті үйден кетуге бел байлаған. Алайда 33 жастағы Диана Сүлейменова жігітін тоқтатпақ болған. Ішімдікке мас болған Александр Галушкин ашуға булығып, көлігінің капотында отырған сүйіктісін ұшырған күйі таптап өткен.
«Диана одан ішімдік ішпеуін сұраған. Ол мас болған. Бұған құлақ аспай, көлігімен жүріп кеткен. Видеода бәрі көрініп тұр, қалай қызымды жоғары жылдамдықпен сүйреп кеткені. Ол оны шын жақсы көрді. Әр кезде оның қасынан табылатын еді», – деді Диана Сүлейменованың анасы Елена Котова.
Артынша ол ауыр жарақат алған сүйіктісін ауруханаға жеткізген. Алайда 15 сағат өмір үшін күрескен Диана жансақтау бөлімінде көз жұмды. Айыпталушы сотта оны қасақана өлтірмегенін айтып ақталды. Сондай-ақ іс қозғалған 106-бапты ауыстырып, жазаны жеңілдетуді сұрады.
«Мен жасаған қылмыстан жалтармаймын, жазамды аламын. Бірақ мен алға тартқан дәлел-дәйектерді ескере отырып, үкім шығаруыңызды сұраймын», – деді айыпталушы.
Диана Сүлейменованың өліміне қатысты қылмыстық іс үш ай тергеліп, төрт айға жуық сотта қаралды. Судья күдіктіні қасақана кісі өліміне айыпты деп тапты. Сондықтан сотталушыны 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті. 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді. Бірақ судьяның бұл шешімімен айыпталушы тарап келіспеді. Олар алға тартқан дәлел-дәйектер ескерусіз қалды деп отыр. Енді істі қайта қарауға жолдамақ ниетте. Марқұмның артында 13 жасар ұлы бар.