Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
14
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Әріптесінің жағын сындырған “боксер” депутат сұхбат берді

Сұқбат беруге келіскен Өтепбай Мәткәрімов әріптесі Айтбек Меңлібековті жан жолдасым деп атады. Басы дауға қалған депутат болған жайтты былай деп баяндады:

– Айтбек сол күні ашулы боп, кабинетіме кіріп келді. Сайлаудан адамы өтпей қалғанын айтып, жағамнан алды. Оған бірнеше куәгер бар. Әй-шәй жоқ, бас салды.

Мен боксер емеспін, палуан емеспін. 62-ге келген азаматпын, біреуді ұрып сұлатып тастауға шамам да жоқ.

Сол күндері өзім ауырып жүрген едім. Мен 25 жыл полицияда қызмет еткенмін. Одан кейін үш ауылға әкім болдым. Партияны басқардым, мәдениетті басқардым. Бес жыл Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары болдым. Сонда мен елдің бәрін қыратын жауыз болсам, қыра бермейін ба? Мен өте ауыр жағдайдамын. Қайта ол мені қылқындырып.. өліп қалатын ба едім. Жан даусым шыққан соң, жанымдағылар ажыратты.. Ұятты болды, Ақ үйде.. Ол өзі шабандоз жігіт, мықты. Қанша жыл сыйласып жүрген жан досым. Отбасылық жолдасым. Онымен мәңгілік достықта қаламын, дейді Өтепбай Мәткәрімов.

Айтуынша, бірнеше күн бойы бір ауруханада жатып, ем қабылдаған жан жолдасымен осы уақытқа дейін кездеспепті. Оған мүмкіндік болған жоқ, дейді. Елді шулатқан оқиғаның басты кейіпкеріне айналғанын ғаламтор арқылы оқып білген. Ішкі істер органдарына арыз жазған депутат, мәселенің ақ-қарасын сот еншісіне қалдырып отыр.

– Мен ол адамды ештеңеге қимаймын, Сіздер түсінесіздер ме? Кішкене бір түсіністікпен қарауға болмады ма?

Мен интернеттен оқып, қиналып жүрмін. Оған қиянатқа баруға арым жетпейді. Маған қиянат арыз жазылды. Сосын мен де жаздым. Ол мені келіп талқандап қырып кетсе де, енді бір ашу ғой, досымнан көрген шығармын. Мен оған бармас ем. Менікі өзімді қорғау ғой.

Еш логикаға келмейді ғой. Ол маған келеді. Бас салады. Сонда мен психбольноймын ба? Мен жай қорғандым. Уақыт келеді. Бұл іс дәлелденеді.

Жағын сындырмадым. Ойбай-ау менде ондай қайрат қайдан келсін. Алысқан уақытта айналадағы үстелге ме терезеге ме ұрынған шығар.

Жағы сынғаны рас болса, онда қолымды көтерем де мойындап кете берем. Тергеу бар, сот бар, көрсетер. Менің оған деген қиянатым жоқ. Жүрегім таза, дейді Өтепбай Мәткәрімов.

Осы уақытқа дейін жасаған бүкіл еңбегінің бір оқиғамен жойылып кеткенін айтып қынжылған Түлкібас аудандық мәслихатының хатшысы бірер күнде жүрегіне операция жасатуға Астана қаласына жол жүріп бара жатқанын айтты. Ол өз еркімен жұмыстан кетуі жайлы арыз жазып кеткен. Әрі қарай жұмыс істеуге, денсаулығым жарамайды, деген себеп айтты.

Сенімді ақпарат көзінен алған мәлімет бойынша, Мәткәрімов мырза осыған дейін Айтбек Меңлібековтың ұлын ұрып жыққан. Ол кезде де іс насырға шауып, екі жақ біраз дауласқан деседі. Депутат әңгіме барысында бұл жайды растады. Тек оқиғаның осыдан он жыл бұрын болғанын айтты. Ол кезде, елдің арқасында қайта достастық, деп қысқа қайырды.

Мәткәрімов сөз соңында ет жақындарына тілхат жазып қалдырғанын айтты. Онда депутат мырза, қандай да бір жағдай болмасын, Айтбек Меңлібековке ешқандай кінә тағылмауын өтінгенін жазыпты. Оған деген пиғылының ақ екенін, әрі қарай да ойының өзгермейтінін қадап көрсеткен екен.

Наурыз айының 30-да аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессия отырысы өткелі жатыр екен. Онда, әрине, Мәткәрімов мырзаның өтініші қаралмақ.

Ал әлі күнге аурухана төсегіне таңылған Айтбек Меңлібековтың беті бері қарап келеді екен. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы бірқалыпты. Тек жағы сынып, көз жанарына қатты зақым келген депутат мырзаға ұзақ уақыт емделуге тура келетін көрінеді.

Өйткені ол бүгіннен бастап Шымкент қаласындағы ауруханалардың біріне ауыстырылды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз