Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы “діни көзқарасы үшін сотталғандарды бір жерге қамау керек” депті.
Өйткені қазір
қазақ түрмелерінде лаңкестік және экстремизм баптары бойынша 400-ден астам адам «отыр» екен.
Жалпы, діни көзқарасы бойынша істі болған азаматтарды бір түрмеде қамап ұстау қаншалықты дұрыс? Себебі бір көзқарастағы азаматтар бірігіп, күні ертең өздерінің «арам пиғылын» ұйымдасқан түрде жүзеге асырып кетпей ме?
Досай Кенжетайұлы
Белгілі дінтанушы Досай Кенжетайұлының айтуынша, бас мүфтидің бұл ұсынысы қауіпті. Бірақ екінші жағынан сәләфиттерді бір жерде ұстап, бәрін бірге бақылаған да жөн.
– Негізінде діни ұстанымына байланысты сотталғандарды бір түрмеге отырғызу дұрыс бастама. Ішкі істер министрлігі олардың түрмеден қашып кетпеуі сияқты мәселелерге мән береді, ал олардың қандай идеология бойынша намаз оқып, нендей көзқараста жүргеніне бас ауыртпайды. Себебі бұл олардың міндетіне кірмейді. Екінші жағынан Қазақстан діни ұстанымына байланысты сотталғандарды бір түрмеге қамайтын болса, бүкіл әлем алдында исламға қарсы мемлекет сияқты болып қалады. Сондықтан да қазір сотталған сәләфиттерді әртүрлі аймаққа апарып отырғызып жатыр. Ал егер оларды бір жерге топтастырып, ағартушылық жұмыстарын істейтін болса, онда ол жұмыстармен тікелей Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы айналысуы керек,
– дейді Досай Кенжетай.
Бірақ дінтанушы сәләфиттерді бір түрмеде ұстаудың қауіпті екенін де жасырмады. Себебі олар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, таныс-біліс болып алады. Осылай қоғамнан өзінше оқшауланып алатындар түрмеде өзара түсінісіп, кейін қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.
Қысқасы, сәләфиттерді бір түрмеде ұстасақ та, бөлек отырғызсақ та – қоғам бәрібір зардап шегеді.
Бұл бір десек, екіншіден мүфтият діни көзқарасы бойынша сотталған 400-ден астам азаматтың 186-сы дәстүрлі дінге қайта оралды деп отыр.
Бірақ шын мәнінде діни басқарманың ағарту жұмыстарынан кейін азаматтар түзу жолға түсіп кетіп жатыр ма? Дінтанушылар сәләфиттік көзқарастағыларды райынан қайтару мүмкін емес екенін айтып дабыл қағуда.
– Діни танымы өзгеріп кеткен адамды қайтадан дұрыс жолға саламын деу – өтірік нәрсе.
Сәләфит құзырлы органға немесе мүфтияқа «ханафиге өттім» деп айта салуы мүмкін.
Себебі діни таным мен ақида да ішкі ойын жасырып жүре беретін азаматтар көп. Сәләфизм ағымына шырмалған адамның санасына уағызбен ықпал ету мүмкін емес. Мысалы кеңес үкіметі 1956 жылы Сатыбалдиевті сопы болғаны үшін 10 жылға Сібірге айдап жібереді. Он жыл өткен соң елге келгеннен кейін құзырлы органның өкілі «Райыңыздан қайттыңыз ба» деп сұрайды. Сопы болғаннан кейін өтірік айта алмаған азамат «Құдайдың алдында қалай өтірік айтамын. Райымнан қайтқан жоқпын» дейді. Сөйтіп оны қайтадан 10 жылға Сібірге айдап жібереді. Бұл діни көзқарасы қалыптасып қалған адам ешқашанда өзгермейді дегенді білдіреді. Ал ақидасы сәләфизм болып нақтыланған адамды ханафиге ауыстарамын деп жүргендер Үкіметтен ақша алып, жан асырап жүрген азаматтар,
– дейді дінтанушы.