Алматы облысы әкімдігі Қапшағайдың дөрекі әкіміне қатысты оқиға бақылауға алынғанын айтты.
Этика жөніндегі кеңес Қапшағайдың әкімі Сәтжан Қиқымовтың даулы ісін қарайды деп Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Zakon.kz хабарлады.
Жақында интернетте азаматтарды қабылдау залында жас жігітпен сөзге келген Қапшағай әкімінің видеосы жарияланған болатын. Жігіт әкімге сұрақ қояды. Бірақ оның сұрағы видеода онша естілмейді. Бірақ әкімнің оған дүрсе қоя берген жауабы анық көрінеді.
„.. Мен саған тағы қайталап айтамын. (…) Әрбір сөзің үшін жауап бересің. Ұқтың ба, мені? (…) Әр қылығын үшін жауап бересің. Ал осылай билікті қаралауға мен саған жол бермеймін„ – дейді шенеунік.
„Сен кімсің маған, туысымсың ба, әлде құрдасымсың ба, өзің қайда отырсың, а?„ деп сөгеді қала тұрғынын әкім.
Әкімнің немере қарындасымын деп таныстырған Фатима Жандосова Facebook-тегі жазбасында өзінің туысының журналистке немесе блогерге „сен„ деп дауыс көтеріп, мінез танытқан ағасының қылығы үшін ұялатынын жазыпты. Алайда өзінің ағасының болмысы баяғыдан осындай екенін айтқан ол көпшіліктен мұны дұрыс түсінуге шақырады.
Облыс әкімдігіндегілер бұл жағдайға қатысты тиісті шара қабылданатындығын айтты.
„Қиқымовтың әдепсіз қылығы бақылауға алынды. Қызметтік этика нормаларын өрескел бұзған Қапшағай қаласының әкімі Сәтжан Қиқымовтың ісі Елбасының жарлығымен бекітілген мемлекеттік қызметкердің тәртібіне қойылатын 25 ережеге сәйкес, Алматы облысының этика жөніндегі кеңесіне қарауға берілді. Кеңес қорытындысы жөнінде қосымша хабарланатын болады„ делінеді алдын ала таратылған хабарламада.