Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Амангелді ауданында ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы дүркіреп атап өтілді

277

Естеріңізге сала кетейік,11-інші қыркүйек күні Арқалық қаласынан бастау алған «Өр Торғай ерлік мекені» атты экспедицияның бір аптаға межелеген сапары барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға баруды жоспарлаған. Экспедиция құрамында ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам белсенділері, журналистер мен блогерлер бар. Экспедицияға демеушілік жасаған әрі бастамашы болып ұйымдастырған – «Тorgay expedition» тобының ұлтжанды, белсенді азаматтары.

Ал, 1916 жылғы халық қозғалысының 100 жылдығы мерекесі, Амангелді ауданында 16-17 қыркүйек күндері тойланды. Мерекелік іс-шараларға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан, Ақмола облыстарынан арнайы тойға шақырылған қонақтар, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.

Бағдарламаның бірінші күнінде «Наурыз» алаңында ақындар айтысы өтті. «Елдік пен Ерлік даласы» республикалық атты айтысқа Бүркітбай Бекетов, Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеу, Азамат Мәлжанбай, Бағила Балмашева, Салтанат Өтелбаева, Марғұлан Оспанов, Батырлан Сағынтаев, Байбатыр Ахметбеков, Ғалымгерей Кенжеғозин, Тоба Өтепбаев, Айбар Рағатов қатарлы 12 ақын қатысты. Ақындардың өрелі айтысына Ғұмар Ахметчин, Әлпия Орманшина, Хамитбек Мұсабаев, Жұма-Назар Сомжүрек сынды танымал тұлғалар қазылық жасады. Соңғы мәреде бас бәйгені Айбек Қалиев жеңіп алса, бірінші орынды Салтанат Өтелбаева еншіледі. Екінші орын Азамат Мәлжанбай, үшінші орын Марғұлан Оспанов пен Батырлан Сағынтаевқа бұйырды.

Келесі күні бағдарлама «Шұғыла» ЖБО алаңында Амангелді Иманов ескерткішінің жанында батыр рухына дұға бағыштаудан басталды. Аудан әкімі Н.Қ. Өтегенов, Амангелді Имановтың тікелей ұрпағы Б.Р. Амангелдиев, батыр рухын көтеруші, ҚР Сенатының депутаты Серік Ақылбай, Амангелді Үдербайұлын дәріптеп насихаттаушы Райысұлы, Арқалық қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғапбасов сөз сөйледі.

17 қыркүйек күні аудандық Мәдениет үйінде «Мәңгілік Ел мұраты: Тарих пен тағылым» атты ғылыми конференция өтті.Оған Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан арнайы тойға шақырылған қонақтар, ауданның зиялы қауым өкілдері, барлығы 200-дей адам қатысты.

Осыдан кейін «Той төбе» ипподромында ат бәйгесі өтті. Бәйге басталар алдында, Амангелді Имановтың ерлігіне арналған театрландырылған көрініс қойылды. 12 шақырымдық «Топ бәйгеде» Атбасардан қосылған, Ақылбек Жұмағалиев мінген «Сарматам» атты торы құнан бірінші жетті. Аттың иесі – Азамат Бұлтанов. Ал 25 шақырымға шапқан «Аламан бәйгенің» жүлдесі белгілі атбегі, Торғайлық Балғабай Қабжановтың жүйрігінің қанжығасына байланды. Алман бәйгенің бас жүлдесіне – автокөлік берілді.

Сондай-ақ, орталық стадионда қазақ күресінен «Кіші түйе палуан», «Нар түйе палуан» сайыстары ұйымдастырылды. Бозкілемге «Қазақстан барысы» турнирінің алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұл, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Руслан Әбдіразақов, Ержан Шынкеев, Сейтен Айбат секілді кілең мықтылар шықты. «Түйе палуанда» Ұлан Рысқұл ақтық сында Ержан Шынкеевтен айласын асырып, жеңіске жетті. Осылайша, ол автокөлік иегері атанды.

Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласы өнерпаздарының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен 1916 жылғы халық қозғалысының 100 жылдығына арналған тойға шашу концерттік бағдарламасы өтті.

Мерекелік бағдарлама кешке Республикаға танылған өнер жұлдыздарының «Жаса Қазақстан» шоу концерті және мерекелік от шашумен жалғасты.

20160921201804

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз