Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
15
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Алтынбек не дер еді? “Жас Алаштағы” айғай-шудың артында кім тұр?

267

“Газеттің бас құрылтайшысы Салтанат Атушеваның (А.Сәрсенбаевтың жесірі) пәрменімен «Жас Алаштың» басшылығынан қуылған Рысбек Сәрсенбаев редакция қызметкерлерінің басым бөлігін өзіне қаратып алды. Олар жаңа басшылыққа наразылығын білдіріп, арнайы мәлімдеме жасады” дейді сайт.

Бұл арада мына бір мәселені назарға алу керек. Салтанат Атушева бастаған Сәрсенбаевтар әулетінің ішінде Рысбек Сәрсенбаевтың өз ұлы Нұрлан Сәрсенбаев та бар. Сонда ол өз әкесіне қарсы шығып отырғаны ма?

Ал газеттің бұрынғы редакторын ұжым да, зиялы қауым да қолдап отырған сыңайлы. Serke.org -тың құпия дереккөзі: “осындай қолдаудан қанаттанған  Рысбек Сәрсенбаев газетті «күшпен тартып алған» келініне қарсы күресті жалғастыра беруге бел буып отыр» депті.

“Нағыз Жас Алаш” жарық көре ме?

Салтанат Атушевадан түбегейлі жеңіліс тапқан жағдайдың өзінде Рысбек Сәрсенбаев берілмек емес. Ол жаңа газет шығаруды ойластырып қойған.Журналистер мен техникалық қызметкерлерді қосқандағы 11 адам Сәрсенбаевтың бастамасын қолдап отыр. Газеттің аты да дайын. Ол – “Нағыз Жас Алаш” деп аталатын болады.

“Бұл әрекеттің мәні мынада: «Нағыз Жас Алаш» деген атаумен газет ашылады немесе «Жас Алаш» логотипін пайдаланып, оны басқа атаулы газеттің бірінші бетінің үстіңгі тұсына бадырайтып жазып қоймақ. Қазір мұндай әдіспен «Дат» жобасы деген шартты атаумен газет шығарып жүрген белгілі журналист Ермұрат Бапи сәтті айналысып жүр. «Ақ жол» және оған қарсы құрылған «Нағыз Ақ жол» деген партиялардың болғанын Қазақстандағы саяси интригалар тарихынан білеміз. Міне осындай қысастық әрекетті Рысбек Сәрсенбаев «Жас Алаштың» қожайыны Салтанат Атушеваға, газеттің қазіргі бас редакторы, өзінің ұлы Нұрлан Рысбекұлы Сәрсенбаевқа қарсы қолданбақ” деп жазады Serke.org.

“Руслан Ерботаның шаңына ілесе алмайды”

Бұған қатысты мақала авторы былай депті: “Қазір «Жас Алашқа» мамандығы дипломат Нұрлан Рысбекұлы бас редактор болып отырғанымен, шындығында газеттің шығармашылығымен тәжірибелі журналист Руслан Ербота айналысып жатыр. Қасына Гүлзат Нұрмолда, Роза Қараева сияқты білікті мамандарды топтастырған ол келешекте басылым тізгінін өз қолына алады.

Ал Рысбек Сәрсенбаев қанша тыраштанғанымен, сауатты медиа менеджер дәрежесіне көтіріле алмады, соның салдарынан «Жас Алаштың» деңгейін төмендетіп жібергенін көзі қарақты журналистердің бәрі біледі.

Оның «Жас Алаштан» қуылуының басты себебі де осында жатыр. Сондықтан өзін он орап кететін Руслан Ербота секілді журналистің шаңына оның ілесе алуы мүмкін емес”.

“Жас Алаш” кімнің қолына өтті?

«Жас Алаш» толығымен Салтанат Атушеваның қарауына өткен. «Жас Алаш» ЖШС-нің президенті Аманжол Рысбеков (марқұм А.Сәрсенбаевтың шопыры болған адам) газетті 2017 жылға жаздыртып алған оқырмандардың ақшасын және редакция мүлкін өз қолында ұстап отыр.

Бұл «Нағыз Жас Алаш» жобасын ойластырып жүрген Рысбек Сәрсенбаевты бейшара жағдайға қалдырып тұр. Жаңа газет шығаруға қажетті қаражат былай тұрсын, қазір оның қолында офистік техника да жоқ.

«Жас Алаштың»  М.Мақатаев көшесінің басындағы бұрынғы мекенжайы – ауқымды жері мен ондағы ғимараттар әлдеқашан Салтанат Атушеваның иелігіне өтіп кеткен. Ол жақтан Р.Сәрсенбаев «Нағыз Жас Алашты» шығаратын қаржы дәмете алмайды. Сондықтан «Нағыз Жас Алаш» жобасын бастап жіберемін» деген сыңайдағы оның ойы Салтанат Атушеваны бопсалаудың, сол арқылы «Жас Алаш» газетінде қандай да бір ықпалын сақтап қалудың соңғы жандалбасасынан туындап жатқан шантаждан басқа дәнеме де емес” дейді Serke.org.

Алтынбектің арқасы ма?

“Мамандығы журналист Рысбек Сәрсенбаев о бастан-ақ журналистикаға қыры жоқ екенін байқатты. Министр інісі Алтынбектің көмегімен «Егемен Қазақстан» газетінің жарнама-шаруашылық бөлімінде қызмет істеуіне де оның кәсіби алымсыздығы себеп болған сықылды.

Алтынбек Сәрсенбаев биліктен кеткен жылдары Рысбек әулеттің Алматы облысындағы ауыл шаруашылығымен айналысатын фермасында меңгеруші қызметін атқарып, кең далада алаңсыз жүрген болатын. 2006 жылы Алтынбек Сәрсенбаев қайтыс болған соң, марқұмның отбасы бұрыннан көз қырын салып жүрген «Жас Алаш» газетін өздерінің иелігіне алып алу жөнінде ұйғарымға келді.

Газет пен оның дүние-мүлкін рәсімдеу процесін сәтті жүргізу үшін істің басы-қасында ет-жақын адамның жүруі қажет деп шешкен Сәрсенбаевтар әулеті Рысбекті «Жас Алашқа» бас редактор және президент болуға итермеледі. Ол жаппай жекешелендіру кезінде редакция қызметкерлерінің қолына өтіп кеткен «Жас Алаш» акцияларын жинастырып, Салтанат Атушеваның иелігіне жазып беруі тиіс болатын.

Бірақ, мұның бәрі сырт көзге түрпідей көрінбесін десе керек, Р.Сәрсенбай «Жас Алаштың» 25 пайыз акциясын өзіне рәсімдеп, қалғанын С.Атушеваның атына жазған.

Әбден сөгіпті…

Serke.org Рысбек Сәрсенбаевты әбден сөккен екен. Сөзінің соңын мақала авторы былай деп аяқтаған.

“Ол газетті, журналистиканы мандытпады. Өзінің журналистикадағы осалдығының ойсырап тұрған тұсын толтыру үшін либерал саясаткер, ұлтшыл патриот, құқық қорғаушы кейпіне де еніп көрді. Бірақ бұл бағыттардың бірінен де оңды нәтиже шыққан емес. Сірә, ол өзінің қоғамдағы азды-көпті беделі «Жас Алаш» газетімен ғана байланысты екенін білсе керек, сондықтан “егер оның тізгінінен айырылып қалсам, мен қарапайым көптің бірі болып қалам» деп ойлайды-ау. Сол себептен «Жас Алаштан» айырылғысы келмей тістесіп отыр”.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз