Алматылықтар Орталық стадионда қазақ футболының атасы – Тимур Сегізбаевпен қоштасты.
Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі хабарлады.
Қаралы жиында Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Доңбаев марқұмның отбасы мен ағайын-туыстарына көңіл айтты. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов пен Кәсіби футбол лигасының президенті Азамат Айтхожин қаралы жиын алдында марқұмның өткен өмірі туралы баяндап, жылы лебіздерін білдірді.
«Тимур Сезігбаевты жиылған жұрт ыстық ықылас, қимас сезіммен шығарып салды. Марқұмның Қазақстан футболына қосқан өлшеусіз еңбегі еске алынып, алғыс білдірді. Адамның бұл өмірдегі бағасын достарының құрметіне қарап білуге болады. Марқұмды шығарып салуға жиналған оның достарының қарасы көп болды», – делінеді баспасөз баянында.