Алматының Бостандық ауданының оңтүстік бөлігінде ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары басталды. Бұл жайлы «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Ілияс Қазиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады.
Оның айтуынша, аталған аумақтағы тұрғындар ұзақ уақыт бойы жеке компаниялар – «Водснаб» ЖШС, «Ерменсайводгаз» ЖШС және «Баур ЛТД» ЖШС көрсететін қызметтердің сапасына қанағаттанбай, жоғары тарифтерге наразылық білдіріп келген.
«Бұл аумақ бұрыннан «Алматы Су» мекемесінің қызмет көрсету аймағына кірмеген. Сондықтан да мәселені шешуге құқықтық тұрғыдан нақты тетіктер болмаған. Қазіргі таңда Водснаб (бұрынғы атауы – Орхан) компаниясымен сот процестері жалғасып жатқанымен, әкімдік жағдайды жақсарту үшін нақты әрекеттерге көшті және жақын уақытта тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр», – деді Қазиев.
Қазіргі кезде Ерменсай шағынауданына су жеткізетін жаңа инфрақұрылымды құру мақсатында, тәулігіне 9 мың текше метр су өндіретін «Нұрлытау» су дайындау станциясының құрылысына мердігер таңдау бойынша конкурс басталды. Сонымен қатар, аумақта жаңа су тарату желілері салынады. Бұл 2026 жылдың соңына дейін Ерменсай мен Нұрлытау шағын аудандарында тұратын 22 мыңнан астам адамды сапалы ауыз сумен қамтуға жол ашады.
«Жаз мезгілінде Ерменсай тұрғындары жиі су тапшылығына тап болатын. Осы мәселені шешу үшін ТЖ желісі аясында Арайлы көшесі арқылы әл-Фараби даңғылынан су тарту жұмыстары басталды. Бұл жоба арқылы жыл соңына дейін осы көше бойындағы тұрғын үйлер мен кешендер жаңа су жүйесіне қосылады. Кейін бұл құбыр жаңадан салынып жатқан «Нұрлытау» су дайындау станциясымен біріктіріліп, сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырады», – деп сөзін түйіндеді Ілияс Қазиев.