Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Алматыда жаппай жүгіру кезінде көз жұмған студенттің анасы мәлімдеме жасады

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана жан дегенде жалғыз ұлдарынан қапыда айырылғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Суық хабарды марқұмның отбасына кеше марафон ұйымдастырушылары жеткізген. Максим Королевтің анасы жастайынан спортты жанына серік еткен баламның денсаулығы сыр бергенін көрмедім дейді.

“Ол медициналық тексерістен жиі өтетін. Денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Біз үшін бұл соққы болды. Темекі, арақ дегенге мүлдем жоламайтын. Еңбекқор еді. Айтарға сөзім жоқ”, дейді Ольга Королева, М.Королевтің анасы.

 Максим Крылов «Бірінші болу – батылдық» қоры ұйымдастырған марафонға жазылып, 10 шақырым қашықтықты бағындыруға бел буған. Қатысушыларды артқа тастап, мәреге 700 метр қалғанда оның басы айналып, құлайды. Жедел-жәрдем келгенімен, 18 жастағы жігіт тілге келместен көз жұмды.

“Барлығы көмектесіп жатыр. Марафон ұйымдастырушылары мен университет ұжымы. Ешкімге өкпем жоқ. Көнеміз. Ол адвокат болуды армандайтын еді”,дейді Ольга Королева,М.Королевтің анасы.

Марқұм Максим Королев Алматыдағы Санкт-Петербор гуманитарлық кәсіподақ университеті филиалында «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған.

Оқуда озат, спорттық шараларда белсенді болған Максимнің қазасы курстастары мен мұғалімдерін де есеңгіретті.

Небәрі бір жылда үлгерімімен көзге түскен жігіт спорттан да құр алақан емес. Максим – жауынгерлік самбодан республикалық жарыстардың жеңімпазы.

“Спортта жүрген бала. ММА жарыстарына қатысады. Енді мынау жазым боп тұр ғой енді. Кетті осылай арамыздан”,дейді Нұрлан Төлебаев, М.Крыловтың әкесінің досы.

Бүгінде алып шаһарда өтетін марафонға балалардан бастап қарттарға дейін қалыспай қатысып жүр. Алайда бақтарын сынауға келгендердің денсаулығын ешкім тексермейді. Ұйымдастырушылар қайғылы оқиғадан кейін жарысқа қатысу талаптарын күшейтеміз дейді.

“Мына жағдайдан кейін міндетті түрде жаңа талаптар енгіземіз. Қазір командамен бірге ойластырып жатырмыз. Бізде әрбір тамақтану орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Дегенмен, әр қатысушы өз денсаулығына жауапты”,дейді «Бірінші болу – батылдық» бірлескен қорының директоры Салтанат Қазыбаева.

18 жастағы жігіттің өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлдарының қазасына біреуді кінәлаудан аулақ. Олардың «жазмыштан озмыш жоқ» деуден басқа амалдары жоқ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз