Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Алматыдағы өрт: жанып кеткен студенттердің туыстары жұмыс беруші компанияны сотқа бермек (видео)

Жексенбі күнгі өрттен қаза тапқан Еламан Айдаралиевтің денесі  жер қойнына тапсырылды. Баласын жоқтап зар илеген анасы жауапты адамдардың жазасыз қалмауын сұрап отыр. Айтуынша, сол күні таңертең сағат 11-лерде үйінен шығып, Алматыға оқуына қайтқан. Түскі сағат екілерде аман-есен жеткенін телефонмен хабарлапты. Кешке қайғылы жағдайға душар болған. Ал бұған қатысты жауапты компания өкілдері көңіл айтуға да жарамапты.

Жанысбек Айдаралиев, марқұм Е. Айдаралиевтің әкесі:

-Бәрі  келіп жатыр. Ал  компаниядан ешкім төбе көрсеткен жоқ, кешірім де сұрап келген жоқ. Материалдық көмек те ешқандай көрген жоқпын.

Компания басшылығына қатты өкпелеген әкесі оларды сотқа беретінін айтып отыр. Сондай-ақ, марқұм болған оңтүстікқазақстандық студенттердің де денесі жерленді. Мұнда да көңіл айтып, көмек беріп жатқан ағайын-туыстарынан бөлек, сыныптастары мен университетте бірге оқыған жолдастары екен. Туыстарының айтуынша, студенттердің өрт ішінен қашып шығуына мүмкіндігі болған. Бірақ өрт сөндірушілер шығар есікті ашпай қойыпты.

Махмұт Молдияров, марқұм А. Зұлпыбековтің ағасы:

-Сыртқа шыққан бала айтты. Мен шырылдап жүгірдім дейді. Бірақ объектіні қоршап қойып ешкімді кіргізбей қойған.  Есікті ашуға мүмкіндік бар еді.

Өрт болған жерді бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек те аралап көрді. Тиісті мекемелерге тапсырма беріп, оқиғаның мән-жайын тезірек анықтау жөнінде тапсырма берді. Ал «Алматы Тауерс» бизнес орталығының иелері қайғы жамылған әр отбасыға көмек ретінде өз тарапынан 3 миллион теңгеден берді.

Өрт тұтанған батут орталығының директоры да көмек көрсететінін айтқанымен, онысы іс жүзінде әлі орындалмаған. Сондықтан марқұмдардың туыстары онымен енді сотта жүздеспек. Естеріңізге сала кетсек, «Алматы Тауэрстегі» өрт жексенбі күні кешке болған еді. Соның салдарынан 6 адам қаза тапты. Олардың бесеуі аталған орталықта жұмыс істеп, ақша тауып жүрген студенттер болып шықты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз