Алматы қалалық қоғамдық көліктердің жол ақысы қымбаттайды. Бірақ оның «Оңай» картасы арқылы төленетін жол ақыға қатысы жоқ.
Бұл туралы Алматы әкімдігі жанында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қалалық автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Мақсұт Исахов мәлім етті.
Оның айтуынша, бір реттік жолақыны қымбаттату мәселесі қалалық мәслихатта талқыланған.
– Қоғамдық көліктердегі бір реттік жол ақының қымбат болғанын қалаймыз. Сонда үнем тұрғысында ел жаппай «Оңай» картасын еріксіз тұтынатын болады.
Қазір «Оңай» картасы арқылы 80 теңге төленеді. Ал бір реттік талонның бағасы, қалалық Мәслихаттың шешіміне қарай, алдағы уақытта 100, 120, тіпті 150 теңге де болып кетуі мүмкін. Осылайша, біз тұрғындарды соңғы төлем жүйесін қолдануға ынталандырмақпыз, – деді Мақсұт Исахов.
Жол ақысына қатысты өзгерістер тиісті заңнамаға ағымдағы жылдың соңына дейін енгізіледі. Қазір бұл заң жобасы Парламентте жатыр екен.
Айта кетелік, қазіргі таңда Алматыда қоғамдық көліктерге бір реттік жол ақысын төлеуге арналған терминалдар орнатыла бастады.