Аллергияның күзде келетін екінші толқынынан сырқаттанғандар көбейді. Алматыда маусым аллергиясы асқынып, емхана мен дәріхана жағалап жүргендер артқан. Мамандар айналадағы өсімдіктердің тозаңы ғана емес, антибиотик пен қабынуға қарсы препараттарды бейберекет қолдану да адам ағзасын аллергенге сезімтал қылады деп отыр.
Маусым аллергиясы соңғы кезде біраз адамды әбігерге салған. Күні-түні мұрыннан су ағып, көзің жасаурайды. Әсіресе жұмыс кезінде қайта-қайта түшкіріп, жан-жағындағылардың мазасын алатынымыз рас.
Күздің басында ауа райы ұзақ уақыт бойы жылы және құрғақ болса, кейбір өсімдіктер қайта гүлдейді. Одан бөлінген тозаң ағзаның шырышты қабығын тітіркендіріп, адамның аллергиясын да қайта қоздырады. Сондықтан бұл ауру көктемде ғана қозады деген қате түсінік, тұмау мен аллергияны шатастырып, өз бетінше емделмеуге кеңес береді дәрігерлер.
«Күзде аллергияның қоздыратын — жусан мен ойраншөп. Ол тамыз бен қыркүйекте гүлдей бастайды. Сондықтан адамдарда аллергия пайда болады. Биыл шілдеде аптап ыстық болмады. Сондықтан аллрегияның күзге дейін жалғасуы содан», – дейді аллерголог-дәрігер Теміржан Нұрпейісов.
Мамандар ауру өршігенде ешқандай дәрі-дәрмек көмек бермейді, тек түшкіру, мұрын бітелу, көздің жасаурағанын уақытша жеңілдетуге болады дейді. Ал кешенді емді қыс айларында бастау керек. Нақты себебін анықтау үшін аллерген ектіріп, сынама тапсырған дұрыс.