Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Алматыда липосакция жасамақшы болған әйел қаза болды

169

Сурет: stan.kz

Алматылық Жәмила Жылқайдарова артық майдан арылу үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған екен. Оның құрбысының айтуынша, 36 жастағы келіншек пластикалық отаға ұзақ уақыт бойы дайындалып, мәскеулік мамандардың кеңесін де алған. Жәмиланың құрбысы да біраз уақыт бұрын осындай ота жасатқан

«Жап-жас, сау қыз. Неге мен оны тоқтатпадым? Білмеймін. «Барамын да, келемін, жасаймын, ақшасын төлеймін, әдемі боламын» деген. Бұлай аяқталарын кім білген?… Кететінін, келмейтінін…», – дейді марқұмның құрбысы Әйгерім Тобылдинова.

Айта кетейік, липосакция дегеніміз — хирургиялық жолмен май түзілімдерін жою үшін жасалатын косметикалық немесе бариатрикалық ота. Ота дененің белгілі бір  (немесе бірнеше) бөлігіне, мысалы қарынға, сан мен бөксеге жасалады. Липосакция бірден барлық майдан арылтпаса да,  дене бітімінің тартымдылығын арттырады.

«Дене бітімін» түзеймін деп өмірмен қош айтысқан келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге жұмсаған. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Марқұмның жақындары «ізін жасырудың амалын» жасап, кеш хабар берген деп есептейді.

«Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек», – дейді марқұмның қайын ағасы Азамат Ауылбеков.

Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлер тергеліп жатыр. Жарнамасы жер жарған медициналық орталықтың есігі жабылып, ҚК-тің 317-бабымен іс қозғалды.

«Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, медициналық қызметкерлер өз қызметіне немқұрайлы қарағандықтан және дер кезінде медициналық көмек көрсетпегеннің салдарынан адамның өлімі болуы мүмкін», – дейді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сараптама қорытындысы 20 күннен соң әзір болады. Құзырлы орган медициналық орталықтың лицензиясын тексермек. Ал ертең Талдықорғанда Жәмила Жылқайдарованы ақтық сапарға шығарып салады. 36 жастағы келіншектің артында жолдасы мен төрт баласы қалды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз