Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Алматыда Қытай консулдығынан виза ала алмаған жұрт шу шығарды

Ашулы жұрт консулдықты айналшықтап шаршаған. Олардың осылай тентіреп жүргеніне 2 айдан асыпты. Күнде таңғы 4-тен осында беттегенімен, кешке табалдырық аттамастан кері қайтады.

«Алматы қаласындағылар, жарайды, келеді-кетеді. Жақын жер. Онда да жұмысын тастайды. Уақыты кетеді. Ал, енді Талдықорғаннан, Ұзынағаш жақтан келгендер бар. Олар қайтеді?!» – дейді Болат Шайқы.

Расымен, виза үшін өзге қаладан келгендер көп. Кейбірі, тіпті, далада түнеуге мәжбүр.

«Далада түнеп жүрмін, қарақтарым. Ақшам да таусылды, міне. Жаны ашып, әркім алып кетеді үйіне мені», – дейді Күлпәш Ақи.

Еңкейген қария да, еңбектеген бала да мекеменің ішіне кіре алмай әбден шаршаған. Тіпті, осы жағдайдың кесірінен туған әкесінің жаназасына бара алмай жүргендер де бар.

«Менің әкем өліп қалды. Жете алмай жатырмын әкеме», – дейді Гүлмира Мәмет.

Жүзден аса адам күнде таңертең өзара кезекке тұрады. Тек оның пайдасы шамалы. Айтуларынша, консулдыққа кіре берісте тұрған күзетші мен сақшыға ақша бергендер ғана ішке кіріп, құжатын реттей алады. Ал, жағдайы жоқтары осылай қала береді екен. Бірақ, кезек сатып, бизнесін дөңгелетті деп айыпталған күзетшілердің өзі мұның бәрін жоққа шығарды.

«Айлап жүр адамдар, көріп жүрміз ғой. Мен айта алмаймын ақша аламыз деп», – дейді Қытай консулдығының күзетшісі Айбол Мұңайтпасов.

Жұмысшылардың өзі мұны жала дегенімен, Қытай консулдығы олардың жұрттан ақша алатынын растады. Өйткені, мұндай жағдай бұрын да тіркелген. Сөйтіп, күзетшілер бірнеше рет ауыстырылыпты. Бірақ, бірінің айласы бірінікінен асып түсуде. Әйтпесе, ғимараттың ішіндегі жұмыс қалыпты жүріп жатыр.

Қараша халық тұрмақ, пайдақор күзетшіден консулдықтың өзі шаршаған. Сондықтан, мамырда Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің Алматыдағы өкілдеріне хат жолдапты. Онда жұрттан ақша жинап, оңай пайданы көздеген азаматтармен күресуді өтінген. Алайда, 5 айға жуық уақыт өтсе де қос ведомства үнсіз. Әзірге консулдық олардан жауап күтіп отыр. Бүгін біз де қос министрліктен тұщымды жауап ала алмадық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз