Алматыда Алмалы аудандық көші-қон полициясының бұрынғы басшысы Талғат Арғынбеков сотталды.
Іс материалдарына сәйкес, лауазымды тұлға өзінің сыбайластарымен бірлесе отырып шетелдік азаматтардың еңбек күшін заңсыз пайдаланғандарға көмек көрсетіп келген.
Оған ҚР ҚК 262-бабының 3-бөлігімен (ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу), 366-бабының 4-бөлігімен (пара алу), 361-бабының 2-бөлігімен (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) айып тағылды.
Т.Арғынбеков 2016 жылдың наурыз-қараша аралығында М.Ханмен алдын ала ымыраласа отырып шет ел азаматтарының заңсыз еңбек қызметіне қорғаншылығы үшін 2 836 200 теңге пара алғандығы анықталған. Ал М.Хан делдалдық қызмет көрсеткен. Алматы қаласында орналасқан «Базилик» асханасының басшысы А.Гордиюк лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 1 500 000 теңге болатын пара берген. Сот үкімімен Т.Арғынбеков мүлкі тәркілене отырып, 11 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ сот оның полиция подполковнигі шенінен айырды.
М.Хан ҚР ҚК 28-бабының 5-бөлігімен, 366-бабының 3-бөлігі 2, 4-тармақтарымен мүлкі тәркілене отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сот «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 4-бабы 2-тармағына сәйкес сотталған Т.Арғынбековке өтелмеген жаза бөлігін қысқартылып, оған түпкілікті 8 жыл 2 ай мерзімге, ал М.Ханға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушыларға жазаларын орта қауіпсіздік жүйесінің қылмыстық-атқару мекемелерінде өтеу белгіленді. Ал, кәсіпкер А.Гордиюкке ҚР ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігімен мүлкі тәркіленіп, параның отыз еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл 45 000 000 теңге төлейтін болды.