Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Алматыда алаяқ казинода “ұтылған” көліктерді сатамын деп жұрттың ақшасын жымқырған

Бұл туралы “Алматы” телеарнасы хабарлады.

Дулат Еренбаев былтыр күзде төмендегі суреттегідей темір тұлпар сатып алуды жоспарлаған. Тіпті оң жамбасына келетін, құны да қолжетімді көлікті жан-жақтан қарастырып жүрген. Осы тұста оған танысы Салтанат есімді келіншек, інісі Тимурдың Қапшағайдағы казинодан ұтылған көліктерді сататынын айтқан. Осылайша, Дулатқа қымбат машинаны нарық бағасынан арзанға беретініне сендіріп, арбауына түсіріпті. Тіпті жанын қоймай 2,5 млн теңгесін бауыры екеуі бірден алып кеткен.

дулат машина

«Үлгерсең ақшаны сағат 11-де алып кел, сосын біз ақшаны жіберген соң, машинаны алып келеміз деді. Ертесі күні  2,5 млн теңгені алып бардым. Қасымда куәгерлер де, роспискасы да бар. Ақшаны бер деп 20 рет бардым. Күнде ертең 15 күннен кейін, 1 айдан кейін, әне дайын болады, міне дайын болады»,- деді жәбірленуші, Дулат Еренбаев.

Қос айлакердің құрғақ уәдесінен шаршап, алданғанына әбден көзі жеткесін Дулат жыл басында құзырлы органға арызданған. Сөйтсе, мұнда арзан бағадағы көлікпен жұртты жарылқамақ болған Тимур Тебериковтен алданғандар көп екен. Тәртіп сақшылары тамыз айында түскен ең соңғы арыз бойынша күдіктіні тұтқындап, бұлтартпау шарасын қолданған.

«Интернеттегі уатсап, вк-дағы «купи-продай» деген топтарға өзінің ойлап тапқан автокөліктерін салады да, мына көлік менікі сатамын деп берген хабарламалары арқылы хабарласқан кісілерді Қапшағай қаласындағы Бомбей казиносында жұмыс істеймін. Сол жерде ойыншылардың ұтылып қалған көліктерін біз жедел түрде сатып жатырмыз деп алдап, өзінің ойлап тапқан көліктерін сатқан»,- деді Талғар ауданы ІІБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі, Жаңабай Смайлов.

Алаяққа алданғандардың барлығы дерлік ақшаны Тимурдың үйіне өз қолдарымен апарып беріпті. Толық болмаса да, кепіл сомасын қалдырған. Оның өзі аз қаражат емес. Жәбірленушілердің алды кепілдікке 800 мың теңгесін қалдырса, ендігі біреуі 2 млнды бірақ ұстатқан. Полицейлердің айтуынша, Тимур Тебериковтың жәбірленушілерден алған ақшасы 10 млн теңгеге жеткен.

Тәртіп сақшылары алаяқтың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Сондықтан, алданған адамдар болса дереу құзырлы органға хабар беруін сұрауда. Дегенмен, 8 адамның шағымы бойынша қаралған іс келер аптада сотқа жолданбақ. Егер күдіктінің кінәсі түгелімен дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз