Алматы қаласында 2018 жылғы 6 ақпан күні сағат 16-00 ден бастап 23-00-ге дейін қар жауды. Қалада жауған қардың биіктігі – 6 сантиметр, тауда және таулы аймақтарда – 12 сантиметрге дейін жетті, – деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
“6 ақпан күнгі кешкі қарбалас уақыттан кейін, полицияның патрульдік машиналарының алып жүруімен қарды тазалауға 180 бірлік қар тазалағыш техникадан құралған 20 колонна ұйымдастырылды, жиналған қар үйіліп, түнімен шығарылды. Ақпанның 6-нан 7-не қараған түні 4280 текше метр қар шығарылды. Қар жауған кезден бастап жолдарға мұзды ерітетін материалдар себілді. 7 ақпан күнгі сағат 09-00-дегі жағдай бойынша барлығы 4635 тонна мұзға қарсы қоспа пайдаланылған.”, – делінген хабарламада.