Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Алматы полицейлері “сағаты 5 мың теңгелік” қыздарға рейд жүргізді (фото+видео)

364

Екі бөлмелі жұпыны пәтер. Әр жатын бөлмеде сүлгілер дайын тұр, толған мүшеқаптар. Пәтердің мүңкіген қолаңса иісінен романтиканың белгісі байқалмайды. Баса-көктеп кірген бір топ адамнан шошына ыршыған қыздар бастарына сүлгі немесе күртешелерін жаба салып, беттерін тығып әлек.

Өздерін Мәдина және Жазирә деп атаған екі қыз Шымкенттен келгендерін айтады. Жастары отыздар шамасында, балалары бар екен. Айтуларына қарағанда жеңіл жүрісті кәсіп еткендеріне үш жыл болыпты.

Пәтерді жынойнаққа жалға берген жігіт оны өзі басқа біреуден айына 60 мың теңгеге жалға алған. Жеңгетей жігіт те, пәтер иесі де жазаға тартылады, енді пәтер иесі пәтерін үш ай жалға өткізе алмайды.

Тәнін саудалаған қыздар сағатына 5 мың теңге алатындарын айтады.

Толқын есімді жезөкше 40 жаста, ересек ұлы бар екен. Қант диабетімен ауыратындықтан, қымбат дәрілерге айлығы жетпейді. Сондықтан анда-санда жеңіл жүріске салынып, ақша табады, яғни бұл қосымша табыс көзі. Бірақ жеңіл жүрісті қыздардың мұндай аңыздарына полиция қызметкерлері үйреніп алған, олардың түрлерін де бірден таниды. Себебі, олар Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасында есепте тұр.

Сейфуллин даңғылы – жезөкшелер ордасы

Бұл көшенің бойында пәтерін қыздармен бірге өткізетін жеңгетайлар көп. Пәтер мен жеке меншік тұрғын үйлердегі бөлмелерді иелері көбіне сағатқа немесе түнге жалға береді.

Тынышпаев көшесіндегі осындай тағы бір құпия пәтерді полиция қызметкерлері көп қабатты үйдің тұрғындарының шағымынан кейін тапты. Көршілері үшінші қабатта үнемі у-шу болатынын, күні-түні ер адамдардың кіріп-шығатынын байқаған. Оның гәбі ішіне кірген соң белгілі болды. Мұнда пәтер жалдап тұратын үш келіншек тәнін саудалаумен шұғылданады. Полиция қызметкерлері қазір жезөкшелердің негізінен күндізгі аусымға” ауысқанын айтады.

Енді олар түнгі көбелектер емес, күндізгі перизаттарға айналған.

– Жезөкшелікті жоюға бағытталған шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрады,- дейді Түрксіб аудандық ішкі істер басқармасы бастығы орынбасары Бахтияр Мизамбаев. Былтыр аудан бойынша 126 жезөкшелер мекенін жапсақ, үстіміздегі жыл басынан бері 15 “притон” әшкере болды. Жалпы ауданда болатын қылмыстардың 50 пайызы осы жеңіл жүрістілермен байланысты. Оларды ашуға, жалпы қылмыстардың алдын алуға қазір бізге Ұлттық гвардия сарбаздарының қырағылығы көмектесуде. Сарбаздар екі аусымда — таңертең және кешкісін көшелерді бақылайды.

Әшкереленген пәтерлердің көбі үш жылға сот шешімімен жабылған болатын. Алайда олардың біразы бұрынғыша жұмысын тоқтатпаған. Сондай пәтерлердің бірі Молдағалиев көшесінде орналасқан. Сот орындаушылары үйіне келген кезде Гүлсім атты ересек әйел қақпасын кілтпен сыртынан жауып, бүкіл көшеге айқайлап, үйіне кіргізбеуге тырысты.

– Мен зейнеткермін, зейнетақым жетпейді. Пәтерімді тек қана өзге қаладан келгендерге жалға беремін. Ана қонақ үйлердегілерді неге ұстамайсыңдар? Бәрі сондаймен шұғылданады. Менде нелерің бар?

Жеңгетай Гүлсім жан дауысын шығарып, түкірігі шашырағанша өз “шындығын” дәлелдеп жатқанда, оның үйіндегі көбелектер артқы есіктен пыр-пыр ете түсті. Осылайша бұл жолы тәтеміз сот орындаушылардың уысынан сусып кетті.

Полицейлердің айтуынша, қыздар қуыс-қуыстағы жұпыны қонақүйлерде топырлап жүреді. Қаншама жеңгетейларға айыппұл салынып жатса да, бұл жақтағы «тән саудасының» азайғаны шамалы.

Аяжан Төрехан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз