Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Алматы әкімі өрт туралы: “Барлық көмек жасалады. Ешкімді назардан тыс қалдырмаңдар”

Қала әкімі қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға жан-жақты көмек беруді тапсырды.

“Дәл қазір қаза тапқандардың отбасыларына барынша көмек көрсету керек, жерлеу мәселесі мен басқа шығындарға қатысты мәселелерді шешу қажет. Ешкімді назардан тыс қалдырмаңдар. Комиссия өкілдері барлық мәселені ашық әрі әділ шешіп, қысқа мерзім ішінде толық есеп берсін”, – деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде Almaty Towers басқарма компаниясының өкілі өрттен қаза тапқандардың отбасына бүгін материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеді.

“Қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамыз. Біздің компанияның басшылығымен қаза тапқандардың отбасының әрқайсысына 3 милллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Ол төлемдер бүгіннен бастап аударылады”, – деді Рахматуллаев.

Сондай-ақ, “Батутный центр” ЖШС директоры Дәурен Тұяқов та өз тараптарынан жерлеу рәсіміне көмек көрсетіп, зардап шеккендерге өтемақы төлейтіндерін айтты. Айта кетейік, қаза тапқан студенттер оқыған ЖОО-лар да материалдық көмек көрсетеді.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіровтің айтуынша, бүгінде өрттің неден болғаны жайлы екі нұсқа бар: өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы немесе апатты күйдегі электротехникалық құралдардың қолданылуы.

„Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің сынақ лабораториясы өрт болған жерде жұмыс істеді. Оқиға орнын тексеру жұмыстары аяқталды, зерттеулер жүргізіліп жатыр. ҚР ІІМ ТЖК Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс ғылыми-зерттеу институтының мамандары да зерттеу жұмыстарына жұмылды”, – деді Серік Әубәкіров.

Сонымен қатар, Алматы қалалық Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Ізбасар Бектұровтың айтуынша, осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, қаза тапқандардың аты-жөні анықталды.

Еске сала кетелік, 7-қарашада Almaty Towers бизнес ғимараты өртке оранып, дәнекерлеуші ер адамның қаза тапқаны жарияланған еді. Ертеңінде, 8-қарашада үйінділер астынан тағы 5 адамның өлі денесі табылған. Олардың барлығы осы нысанда жұмыс істеп жүрген алматылық студенттер болып шықты.

Батут құрастыру орталығында жалданып жұмыс істеген студенттердің екеуі Қаныш Сәтбаев атындағы техникалық университетте, ал екеуі Қазақ ұлттық университетінде оқыпты. Бесіншісі Асфендияров атындағы медицина университетінің 4-курсында білім алып жүрген. Төрт жігіт Оңтүстік Қазақстан облысының, ал тағы бірі – Алматы маңындағы Байсерке ауылының тумасы.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз