Бүкіл әлемге танылған моңғолиялық бүркітші қыз Ақмола облысындағы халықаралық жарыстарға құрметті қонақ ретінде қатысты.
Жарыстар үш категория бойынша өткен: бүркіттер, қаршығалар және сұңқарлар.
Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Көкшетау қаласы Красный яр ауылының 29 жастағы полиция қызметкері Руслан Тумурзин үздік құсбегі атанды. Оған басты сыйлық – автокөлік берілді. Саятшылықтан бөлек, жеңімпаз тазы өсіріп, Ақмола облысының көкпар құрамасында жарыстарға қатысады.
Қалған спортшылар сыйлықтар және жалпы сомасы 2 миллион теңге ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бүркітшілер арасында бірінші орынды Алматы облысынан келген Алмас Сейітжан алды. “Қаршығамен саятшылық” номинациясында оның бауыры Аян Сейітжан жеңіске жетті. Ал сұңқармен аң аулауда алматылық Медет Шөліпов бірінші орын иеленді.
Жарысқа құрметті қонақ ретінде атақты бүркітші Айшолпан Нұрғайып келді. Этникалық қазақ қыз Монғолияда дүниеге келген, сегіз жасынан бастап аңшы құстармен айналыса бастады. Ал 10 жасында әкесімен саятшылыққа шыққан. Қазір грант бойынша Астанада білім алып жатыр.
Айшолпанның суреті шетелдік басылымның мұқабасында ерлерге тән аңшылықпен айналысатын қыз ретінде жарық көрген соң қандасымыз бүкіл әлемге танылған. Кейінірек ол туралы деректі фильм түсіріліп, әнші Sia қазақ қызына Angel by the Wings әнін арнады.